Қостанайлық шаруалар астықты нарықтық бағамен өткізе алмай отыр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат -Қостанайлық шаруалар жинаған астықтарын нарықтық бағамен өткізе алмай, әбігерге түсуде. Осы және өзге де мәселелерді аграрийлер ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұржан Әлтаевпен өткен кездесуде көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Бүгінгі күні шаруалар үшін басты проблеманың бірі астықтың нарықтағы бағамен өтпей тұрғаны болып отыр. Оған бір себеп, астық нарығындағы бәсекелестердің көбеюі болуы мүмкін. Тіпті, Қостанайдағы әлеуетті деген кәсіпорындар 3-санатты бидайдың тоннасын 35 мың теңгеге сата алмауда.

«Қазақстан фермерлер одағы» облыстық филиалының төрағасы Владимир Дранчуктың айтуынша, 3-санатты бидайдың өзіндік құны тоннасына 40 мың теңгені құрайды.

«Осы жылы мол өнімге қол жеткізсек те, едәуір шығынға ұшырау қаупі бар. Бидайды орташа бағаға сатқанның өзінде пайда таппайтынымыз анық. Тек өз шығынын жабады», - деп түсіндірді Дранчук.



Шаруаларға тағы бір соққы болып отырғаны - жанар-жағармайдың қымбаттауы. «Алтынсарино» ЖШС директоры Борис Князев түскен астық пен жұмсалған жанармай бағасын салыстыруға келмейтінін айтуда.

«Дизелдік отынның бағасы литріне 200 теңге болса, астықтың келісі - небәрі 40 теңге. Міне, осыдан бастап ірі кәсіпорындар шығынға ұшырай бастайды. Алда қиын кезеңдердің күтіп тұрғанын ескерсек, мәселені тез арада шешу керек», - деді Дранчук.

Қостанайлық аграрийлер ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялауды алып тастауға болмайтынын айтып, дабыл қағуда. Мәселен, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың сөзінше, жергілікті фермерлер дағдарыс кезеңін бастан өткізіп жатыр. Ал осы тұста мемлекеттік қолдау тоқтатылса, ел экономикасына әсерін тигізбей қоймайды.

«Тағы бір айта кететін жәйт, қазақстандық техниканы сатып алсақ та, субсидияны сатушы тарап алады. Бұл дұрыс емес. Ауыл шаруашылығына қатып қалған стандарттарды енгізіп қойып, қарап отырасыздар. Техника сынбай тұрмайды. Әрдайым жаңа техника ала беруге шаруалардың қалтасы көтермейді ғой. Сол себепті, тепе-теңдікті сақтау қажет», - деді Сайран Бұқанов.



Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың дерегіне сүйенсек, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап 125 егін оратын техника сатып алынған. Жалпы, соңғы бес жыл ішінде барлығы 65 млрд теңгеге 5 мыңнан астам техника әкелінген.

Өз кезегінде вице-министр қостанайлықтардың ұсыныс-пікірлерін жазып алды. Сондай-ақ ол шаруаларға қой және ірі қара мал өсіру, бұршақ тұқымдастарды және майлы дақылдарды егуді ұсынды.

«Қазіргі уақытта Азияның бірнеше елі осы өнімдерге қызығушылық танытуда. Ал ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялауды алып тастау туралы мәселеге келсек, бір жағынан, мемлекет тарапынан қолдаудың қажет екені сөзсіз. Бірақ, кей өңірдің аграрийлері жемқорлық фактілерінің көбейіп бара жатқанын алға тартады. Мен «Атамекен» Ұлттық палатасында қызмет істеп тұрғанда, кәсіпкерлер осы мәселе бойынша көп шағым түсіретін. Дегенмен, субсидия туралы нақты шешім кейінірек нақтыланып, айтылады», - деді Нұржан Әлтаев.

Жалпы, облыс биыл 342 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімдерін өндірген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 7%-ға артық. Еліміз бойынша барлығы 21 млн тонна астық жиналса, соның 5,2 млн тоннасы Тобыл өңірі шаруаларының үлесінде.

Соңғы жаңалықтар