Қостанайлық полицейлер автокөлік ұрыларын тоқтату үшін тапанша қолданды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Тәртіп сақшылары автокөлік ұрыларын тоқтату үшін табельдік қару қолданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, 21 қаңтар күні Қостанай қаласы ІІБ қызметкердері Жедел қимылдайтын арнайы жасақпен бірігіп «BMW» ұрлаған күдіктілерді ұстады.

«Таңғы сағат 05:00 шамасында дизель зауыты маңында «BMW» көлігінің қатты жылдамдықпен кетіп бара жатқан туралы хабар алдық. Көлік жүргізушісі полицейлердің нұсқауына бағынбай, қашып кеткен» , - деп хабарлады ІІД полиция лейтенанты Мақсат Бәкіржан.

Мұнан соң тәртіп сақшылары күдіктілердің соңына түскен. Қостанай-2 шағын ауданы маңындағы Жуковский-Белинский көшелерінің қиылысында  «BMW»  жол жиегіне шығып, аударылып кеткен. Дегенмен, күдіктілер көліктен шығып, жан-жаққа қаша жөнелген.

«Осыдан соң полиция кіші сержанты Елесханов заңға сәйкес, табельдік қару қолданды. Ол дабыл беру мақсатында тапаншамен аспанға бір рет оқ атты.  Мұнан соң полицейлер самбо әдісін қолданып, бұзақыларды ұстады», - делінген ІІД-нің хабарламасында.

Белгілі болғандай, олар Авиационная көшесіндегі ТҚС маңынан «BMW» көлігін ұрлап кеткен. Олардың жасы - 18-де. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 200-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.  Күдіктілер кінәларын мойындады.

Соңғы жаңалықтар