Қостанайлық кәсіпкерлер ауыл клубын жаңарту үшін 14 млн теңге жинады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысындағы Амангелді ауданына қарасты Есір селолық округінде ауылдық клуб пайдаланылуға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Амангелді аудандық мәдениет үйінің жетекшісі Сағынғали Сейдиннің сөзінше, ауылдық клуб «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Әлеуметтік бастамалар картасы» бағыты бойынша қайта ашылып отыр.

«Тұрғындар ауылдық клубтың ашылуын көптен күтті. Енді мәдени-бұқаралық іс-шаралар, концерттер мен қойылымдарды өткізу үшін аудан орталығына барып, шығындалудың қажеті жоқ. Тұрғындарды қуанышқа бөлеген жергілікті кәсіпкерлерге ризамыз. Аталған нысан 7 жыл бойы бос тұрды. Кәсіпкерлер өз қалталарынан 14 млн теңге жинап, ескі ғимаратты қайта жаңғыртты. Алдағы уақытта осындай ескі құрылыс орындарын жаңа кейіпке ендіріп, мәдениет үйлерін ашу жоспарда бар», - дейді С.Сейдин.

Әзірге, ауылдық клубта 4 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, клуб ішінде кітапхана орналасқан.

«Негізінен, мәдени іс-шаралар кезінде мектеппен тығыз жұмыс істейміз. Ауылда өнерлі жастар жетерлік. Ал, мұндай мәдени нысандар адамдардың бос уақытын дұрыс пайдалануына мүмкіндік жасайды», - деді мәдениет үйінің директоры Нұрсұлтан Мұхтаров. 

Белгілі болғандай, мәдениет нысанына жиҺаз сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млн теңге қаржы бөлінген. Бұған қоса аудандағы барлық ауылдық клубты жаңарту жұмыстары қолға алынбақ.  

Соңғы жаңалықтар