Қостанайдағы Қазақ көшесінің атауы өзгермек

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс орталығында қос көшенің атауы өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет бөлімінің жетекшісі Айсұлу Әубәкіроваға сілтеме жасап. 

Мұндай ұсыныс бастамашыл азаматтар тобының тарапынан болып отыр. Олардың пікірінше Қостанай қаласындағы екі көшенің атын ауыстыру керек. Анығын айтқанда, Авиационный көшесіне Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева есімін беріп, Қазақ көшесін Әбілсай деп атау ұсынылып отыр. 

«Қала әкімі Базыл Жақыповқа қостанайлықтардың бастамашыл тобы қоғамдық хат жолдады. Ол хатта даңқты жерлесіміздің есімін қала көшесіне беру ұсынысы жазылған. Сондықтан, біз тұрғындарды осы мәселеге қатысты бейжай қалмауға шақырамыз. Аса маңызды түйткілге орай өзінің жеке пікірін білдіруге шақырамыз», - дейді Айсұлу Әубәкірова.

Белгілі болғандай, Кәмшат Дөненбаеваның есімі туған өлкесі - Меңдіқара ауданындағы Боровской кәсіптік-техникалық колледжіне де беріледі. Депутаттар шешімімен қуатталған ұсыныс үкіметке жолданады.  Сондай-ақ, облыс орталығында іргесі қаланып жатқан Юбилейный шағынауданында Еңбек Ерінің атындағы саябақ пайда болмақ. Саябақ ішіне даңқты жерлесіміздің ескерткіші де орнатылады. 

Ал Қостанайдағы ардагер ұстаз Бекен Көпештің сөзінше, Нариманов базарының маңында орналасқан Қазақ көшесінің атауын ауыстыру туралы бастама біраз жылдан бері көтеріліп келеді.

«Өзі кішкене ғана аумақты алып жатыр. Осы арада шамалы ойлап көріңіздерші, өз жерімізде тұрып, Қазақ деп көше атағанымыз ұят емес пе? Сол себепті де, бұл уақыт күттірмейтін шаруа», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар