Қостанайда жаңа жыл шыршасын безендіруге қомақты қаржы бөлінді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін тұрғындар Қостанайдағы басты шыршаның шамын жағу салтанатын тамашалауға жиналды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Бұл шараға қала әкімі Базыл Жақыпов қатысты. Ол өтер жылдың басты жаңалықтарын жіпке тізіп, жұртшылықты алда келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

«Биыл Қазақстан үшін де, біздің облыс үшін де айтулы жыл болды. Алматыда өткен Қысқы Универсиада мен бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесін айрықша атап өту керек. Облысымызда да игі істер атқарылды. Жолдар жөнделіп, өңірлерде жаңа ғимараттар салынды. Сондай-ақ, облыс орталығында бірнеше спорттық және әлеуметтік нысан бой көтерді. Алдағы жылдан да үміт көп! Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын!», - деді Базыл Жақыпов.

Мұнан соң жаңа жылдың басты кейіпкері - Аяз ата сиқырлы таяқшасымен сұлу шыршаны жарықтандырып, от-шашуға ұласты. Өнер ұжымдары концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Еске салайық, қаланы Жаңа жыл мерекесіне орай безендіруге 18 млн теңге бөлінді. Дайындық жұмыстары 1 желтоқсанда басталды.  

Соңғы жаңалықтар