Қостанайда жаңа боксит кеніштері ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда жаңа карьерлер іске қосылды. Жаңа ашылған кен орындары Павлодар алюминий зауытын шикізатпен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Карьерлердің құрылысына 6 миллиард теңгеден астам инвестиция жұмсалды.

«2018 жылға арналған өндірістік жоспарды толық орындау үшін Аят кенішінің №9 және Красногор кенішінің №17 карьерін пайдалануға беріп отырмыз. Аталған нысындардың құрылысы екі жыл бұрын қолға алынды. Бүгінде №17 карьердегі кеннің  алғашқы тоннасы өндірілді. Жыл аяғына дейін 1 млн тонна шамасында боксит кенін өндіру жоспарланды. Ал, Аят кенішінің №9 карьерінде бокситтің өндірісі жақында басталады. Оның   ұзындығы - 700, ені - 600, тереңдігі 119 метр болады», - дейді  Краснооктябрь боксит кен басқармасының директоры Сергей Щелоков.

Сонымен қатар боксит төгетін қоймаға апарар тасжолдың құрылысы да аяқталды. Су тартқыш пен үш электр желісі тартылды. Жалпы, өндіріс алаңына бес экскаватор, тоғыз жүк көлігі, үш бульдозер мен бір автогрейдер жұмылдырылған.

Щелоковтың айтуынша, Краснооктябрь боксит кен басқармасында тағы бір карьердің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша ол 2020 жылы қолданысқа беріледі.

Соңғы жаңалықтар