Қостанайда құс фабрикасы қарызын жұмыртқамен өтемек

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Север-Птица» акционерлік қоғамы екі жылдан бері «Қостанай-Су» мекемесіне судың қарызын өтемей келген. Енді құс фабрикасы коммуналдық төлем борышының біраз бөлігін жұмыртқамен жабады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Қостанай Су» кәсіпорны басшылығы жергілікті құс фабрикасының қарызын осы әдіспен қайыруға келісіп отыр. Жалпы «Север-Птицаның» тек қана суға 8 миллион теңгеден астам берешегі бар.

«Акционерлік қоғам 2015 жылдан бастап су құнын төлемеді. Борышкер фабриканы бір мәмілеге шақырып, дауды сотқа дейін шешпек болдық. Бұл туралы қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімін құлағдар еттік. Осылайша, әбден қордаланған қарыздың біраз бөлігін жұмыртқалай алуға келісіп отырмыз», - дейді «Қостанай су» МҚМ директорының орынбасары Арман Жүнісов.

Ал «Север-Птица» АҚ директоры қарызды жуық арада қайтаруға талпыныс жасап жатқанын айтады.

«Біз күн сайын қарызды ақшалай өтеп жатырмыз. Екінші тараптың басшысымен келісілгендей, жаңа жылға дейін ақшаны жұмыртқалай өтейміз. Өзара келісім де жасалды. Оларға барынша төмен бағамен өткіземіз. Бір жағынан, «Қостанай су» кәсіпорынының қызметкерлері үшін осылай тиімдірек болуы тиіс», - деді құс фабрикасының директоры Константин Мякотин.

Алайда, мемлекеттік сот орындаушылар қарыз өтелгенше «Север-Птица» акционерлік қоғамына тиесілі техникаларды тәркілейді.

«Құс фабрикасы «Қостанай судың» алдындағы 50 мың теңге ғана қарызын жапты. Қалған берешекті төлеген жоқ. Енді барлығы заң бойынша, өндіру құжатына сәйкес жасалады. Жақында, «Камаз» автокөлігі аукцион арқылы сатылатын болады. Қарыз толық өтелгенше өзге де мүлік тәркіленеді. Жылжитын, жылжымайтын мүліктердің барлығына тыйым салынып, сауда-саттыққа шығарылады. Біздің мақсатымыз - коммуналдық кәсіпорын пайдасына 8 миллион теңгені тез арада өндіру», - деп жауап берді Қостанай облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Асхат Жүнісов.

Айтпақшы, «Север-Птица» фабрикасының «Қостанай судан» басқа, өзге де мекемелерге берешегі бар. Ал жарты жыл бұрын қызметкерлердің айлығы прокуратураның араласуымен әрең төленген еді.

Соңғы жаңалықтар