Қостанайда кабельдері ұрланған сорғы стансасы жұмысын тоқтатты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық полицейлер кәсіпорынға ірі көлемдегі шығын келтірген ұрыны ұстады, деп хабарлайды "Қазақпарат" ХАА облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

10 қаңтарда Солтүстік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне қаладағы кәсіпорындардың бірінен мыс кабельдерінің ұрланғаны туралы хабар келіп түседі.

«Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер 31 жастағы ер адамды ұстады. Анықталғандай, күдікті бұрын аталған кәсіпорында жұмыс істеген. Ол кәсіпорынның кәріз сорғы стансасына кіріп, ұзындығы 110 метр және салмағы 500 келі болатын мыс кабельдерін қиып алып кеткен. Содан кейін барлық ұрланған заттарды терезе арқылы шығарып, өзінің автокөлігіне тиеген. Кейін мысты темір қабылдайтын орындарға тапсырған», -делінген ІІД баспасөз хабарламасында.

 Осылайша, кәсіпорынның сорғы стансасы жоспар бойынша 10 қаңтарда іске қосылмай қалды. Күдікті кәсіпорынға 5 миллион 900 мың теңге шығын келтірген.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша ҚР ҚК 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар