Қостанайда ірі көлемде қаражат жымқырған аурухана қызметкерлері қамауға алынды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Ұзынкөл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері мен есепшілері мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс материалдарына сүйенсек, 2013-2016 жылдар аралығында Ұзынкөл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері К.Ержанова, бас есепші Ә.Жақантаева және есепші-кассир Л.Дабаева кассада қолма-қол ақшаның барын біліп, оны аурухана жарғысынан тыс мақсатттарға жұмсаған.

«Олар тиісті құжаттарды жасамай, заңды айналып өтіп, аса ірі мөлшердегі қаражатты өздерінің қажеттіліктеріне жұмсаған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 9 660 808 теңгені құрады. Аталған экс-қызметкерлерге қатысты ҚР ҚК 176 бабы, 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот талқылауы барысында үшеуі де тағылған айыпты жоққа шығарды», - деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз хатшысы Индира Құсайынова.

Ұзынкөл аудандық сотының үкімімен айыпталушылар кінәлі деп танылды. Оларға 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар