Қостанайда баланың йогурттан уланып қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық прокуратурасы белгісіз йогурттан уланып, қаза тапқан балаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Расында, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттарға байланысты, 2017 жылдың 23 ақпанында 2014 жылы дүниеге келген баланың йогурттан уланып, қаза табуына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Уланудың мән-жайы анықталуда. Қылмыстық істің тергеу жұмыстарын облыстық прокуратура өз бақылауына алды», - деп хабарлады Қостанай облыстық прокурорының орынбасары Әділхан Ерекешев.

Бұл қайғылы жағдай тек Қостанайды ғана емес, сондай-ақ еліміздің барлық өңірін дүрліктірді. Бұрын хабарланғандай, Қостанайдағы супермаркеттердің бірінде сатып алынған сүт өнімінен уланған 2 жасар қызды дәрігерлер бір апта бойы емдеуге тырысқан. Кейін бүлдіршінді Астанаға ұшақпен жіберген, алайда оны құтқару мүмкін болмады.

Қостанай облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті атап өткендей, қаза тапқан қыздың ата-анасынан сатып алынған өнімнің сапасына байланысты шағым келіп түспеген. Сондықтан, сатып алынған дүкенде тексеріс жүргізуге әзірге негіз болмай отыр. 

Соңғы жаңалықтар