Қостанайда балабақшаның бас есепшісі сот залында қамауға алынды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат -  Қостанай облысында ауыл балабақшасының бас есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Затобол кентіндегі «Гүлдер» балабақшасында бас есепші болып жұмыс істеген 56 жастағы Светлана Мацқа өзгенің мүлкін жымқырды деген айып тағылды.

Іс деректерінде көрсетілгендей, бөбекжай директоры интернет-банкингтің электронды кілтін бас есепші Светлана Мацқа сеніп тапсырған. Ал Светлана Мац қызметін асыра пайдаланып, өз жалақысын көтеру арқылы ақша ұрлап отырған. Осылайша, 2014 жылдың қаңтарынан 2017 жылдың тамызына дейін ол өз есебіне 5 миллион 113 мың теңге аударып алған. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен бөлінетін есепшоттан өзіне 3 411 168 теңге аударған. Қалған ақшаны ата-аналардан түсетін шоттан жымқырған. Бұл қаражат балалардың тамақтануына жұмсалуы керек-тін.

Қостанай аудандық сотының үкімімен Светлана Мац ҚР ҚК 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса оның мүлкі тәркіленетін болады. Бұрынғы бас есепші сот залында қамауға алынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар