Қостанайда 3,4 млн гектар алқапқа бидай егіледі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанайда арпа егілетін алқап 32 мың гектарға ұлғайды. Бұл туралы көктемгі егіс науқанына әзірлік мәселелері бойынша өткен агрокеңесте мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде көктемгі егіс жұмыстарын өткізуге әзірлік жұмыстары басталды. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, биыл барлығы 5 млн 228,9 мың гектар алқапқа дән сіңіріледі. Оның 3 млн 487 мың гектары бидайдың үлесінде. Биыл арпа егілетін алқап 32 мың гектарға ұлғайып, 337 мың гектарға жетті. Дәнді-бұршақты дақылдар 32 мың, ал қарақұмық алқабы 1,4 мың гектарға артты.

Айта кетейік, биыл өнімділікті жоғарылату үшін шаруаларға минералды тыңайтқыштар сатып алуға субсидия бөлінді.

«Дала жұмыстарына барлығы 24 мыңға тарта трактор, 840 егін себетін комплекстер, 1 мың бүріккіш, 20 мың тұқым сепкіш қатыстырылады. Науқандық жұмыстарға техникалар дайын. Тек, Науырзым, Федоров, Таран сияқты жекелеген аудандарда техника әзірлігі 88%. 15-сәуірге дейін барлық техника сапта тұруы тиіс. Биылғы жылы шаруалар 22 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуы тиіс. Қазірдің өзінеде 12,5 мың тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалды. Оның ішінде 5,9 мың тонна тауардың құны төленді. Бұл мақсатқа 1 млрд 177 млн теңге субсидия бөлінді», - деді Ғ.Нұрмұхамбетов.

Қажетті сұйық отын мәселесі де шешімін тапқан. Көктемгі дала жұмыстарын өткізуге барлығы 71 мың тонна дизельдік отын қажет. Әзірге облыс терминалдарында 10 мың тонна дизель отыны бар. Биыл оның бағасы 1 литрге 151 теңге деп белгіленді. Кеңесте аудан, қала әкімдеріне шаруашылықтардың жанар-жағармаймен дер кезінде қамтылуы үшін бақылау жасау қажеттігі міндеттелді.

Биыл өңірде қар жылдағыдан аз түсті. Диқандар осыған алаңдап отыр. Сондықтан, күн тәртібіндегі басты мәселе - қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, тиісті ылғал қорын жауып үлгеру қажет. Басқосуда ғылыми-тәжірибелік орталық мамандары өз тұжырымдарын ортаға салды.

«Басқа жылдармен салыстырғанда биыл ылғал өте төмен. Әрине соншама түңіліп кететіндей жағдайда емес. Ендігі міндет - ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, жылдағы межеден кем түспеу. Сол себепті алдағы егіске жақсы дайындалып, астық егу технологиясынан қате жібермеген жөн. Техника жағы сай болса жылдағыдай өнім ала аламыз деген үміттеміз», - дейді Қостанай ауыл шаруашылығы зерттеу институтының бас директоры Нәбидолла Кикебаев.

Фото: on-desktop.com

Соңғы жаңалықтар