Қостанай жастары бастаңғы жасады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанай жұртшылығы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Бастаңғы» ойын-сауық кешін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бастаңғы - қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-жігіттері жиылып, көңілді кеш жасайтын болған. Міне, бүгін қостанайлықтар Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында ежелгі дәстүрді тағы бір жаңғыртып, көпшіліктің көңілін көтерді. Айта кетейік, аты аталған шара жоғары деңгейде екінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолғы бастаңғының былтырғымен салыстырғанда мазмұны өзгеше өрбіді.

Сонымен, жеңгесі мен қайнысы ауыл жастарының басын қосты. Қазақ қонысында қонақ болған түрлі ұлт өкілдерінің өнерін жиылған жұрт жылы қабылдады. Бұл - әдеткі бастаңғыға қосылған бірінші жаңашылдық. Шараның сценариін жазған елге белгілі ақын Абылай Мауданов мұны ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді жастарға заманға сай форматпен ұсыну деп қабылдау керектігін айтты.

«Қазір көбі ұлттық кұндылықтарымызды музейде тұратын «этнобұйым» ретінде қарайды. Біз осы қасаң қағиданы бұзуды көздедік. Сол үшін былтыр Алдаркөсе мен Қожанасырды кіргіздік. Себебі, олар тек қана фольклор кейіпкері емес. Әр заманның өз Алдары мен Қожанасыры болған. Бүгін де бар. Былтыр көпшілікті театрға тарту үшін ойын-сауық, шоу жасауға көп көңіл бөлінді. Биыл да халық қыран-топан күлкіні күтті. Бұл оңай жолы еді. Әйтсе де, біз «тамашадан» гөрі тәрбиеге баса назар аудардық», - дейді ақын.

Сценарий авторының сөзінше, Наурыз мейрамы мен бастаңғыны айтқанда ауыл, киіз үй, яғни, өткен заман елестемеу керек. Сол тұрғыдан қарағанда бастаңғыдағы сиқыршы баланың өнері, сұлулық байқауы, қуыршақ күресі - тың жаңалық. Айтпақшы, сахнадағы «ауыл» жастары жілік сындыру ойынына қатысты. Білектілер бәсекесінде ақын Марғұлан Оспанов озық шықты.

«Ұлыстың ұлы күні Қыдыр ата мен Қорқытты, Асан қайғыны қашанғы түйеге мінгізіп жүре береміз. Қазақтың бәрі қалаға келіп жатыр, қаланың үйіндегі мереке қалай тойлану керек? Міне, осы сұраққа жауап іздеп, өзімізше бір тың форма ұсындық. Сол үшін де аңғал ата мен ақкөңіл әже, әдепті жеңге мен әзілқой қайныны басты кейіпкер ретінде алдық. Қысқасы, жып-жылы романтикаға құрылды», - деді А.Мауданов.

Иә, Қостанай төрінде өткен бастаңғы махаббат, достық, отбасы құндылығын дәріптеу идеясын көздеді. Былайша айтқанда, сахна мен көрермендер арасындағы «төртінші қабырғаны» бұзу - жастар бастамасының негізгі стилі болып қалмақ.



Идея авторы Гүлден Молдахметова мен театр режиссері Дос Құбаш айтқандай, ұлттық думан болашақта жалғасады. Өйткені, бұған облыстық мәдениет басқармасы тікелей жанашырлық танытып отыр.

Соңғы жаңалықтар