Қостанай облысындағы жаңа қала қалай дамымақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысындағы бесінші қала - Тобылда жаңа шағынаудандар бой көтереді. Бұл туралы өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен жиында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салсақ,  Қостанай облысындағы Затобол кентінде осы елді мекенге қала мәртебесін беру және атын өзгерту мәселесіне арналған жергілікті қоғамдастықтың жиналысы өткен еді. Сол жиында Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Болат Бекенов еліміз картасында жаңа Тобыл қаласы пайда болатынын айтқан болатын.

Қостанай ауданының әкімі Қайрат Ахметовтің сөзінше, қазіргі Затобол кентінің дамуы үшін әлі бірнеше әлеуметтік нысан тұрғызу қажет.

«Бүгінде аудандағы 70 мыңнан астам адамның тең жартысы Затобол, Заречный және Мичурин ауылдарында тұрады. Аталған елді мекендердегі 135 шақырым жолдың 96 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Биыл осы мақсатта 500 млн теңге қарастырып отырмыз. Жыл сайын жаяу жүргіншілер жолын салуға 35 млн теңге бөлу керек. 2021 жылға дейін барлық көшеге жарықшамдар орнатылады. Оған бюджеттен 188,5 млн теңге бөлінеді», - деді Қайрат Ахметов өз баяндамасында.

null

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жол жөндеуге бағытталған қаржыны қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол тасжолды ресайклинг әдісімен қалыпқа келтіруді ұсынды. Архимед Мұхамбетов айтқандай, соңғы үш жылда ресайклинг әдісімен 100-ден астам көше жөнделген.

Биыл болашақ Тобыл қаласында бірнеше шағынаудан пайда болады. Бұған қоса «Северный» шағынауданында құрылысы басталған 11 көпқабатты үй халық игілігіне берілмек.

«Қазіргі уақытта «Северныйға» қажетті инфрақұрылым - газ, су, электр жарығы өткізілген. Мұндағы 8 үй несиелік бағытта, қалған 3 үй жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне тапсырылады. Жаңадан бой көтеретін «Бәйтерек» және «Астана» шағынаудандарында 72 көпқабатты үй тұрғызылады», - деді аудан әкімі.

Архимед Мұхамбетов Затобол кентіндегі ескі ғимараттарды сынға алды. Оның сөзінше, тозығы жеткен құрылыс орындары болашақ қаланың дамуына айтарлықтай кедергі келтіреді.

«Біріншіден, ғимараттар қаланың көркі десек, оны ретке келтіруді тез арада қолға алыңыздар. Дамуды тежейтін фактордың бірі осы. Әуелі, тұрғын үйлердің қасбетін дұрыстаңыздар. Үйлердің сырты бір түсті болсын. Аудан орталығында заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандары бар. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Иесіз тұрған ғимараттарды пайдаланбасаңыздар, мемлекеттің меншігіне өткізу қажет», - деп ескерту жасады өңір басшысы.

Облыс әкімі аудан орталығында спорт алаңдарын көбірек салуды тапсырды. А.Мұхамбетов мемлекеттік қызметшілерге жаңа ғимарат салу туралы аудан әкімінің ұсынысын қолдаған жоқ. 

Соңғы жаңалықтар