Қостанай облысында жыл соңына дейін сотталғандардың 75% жұмысқа орналасады

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат - Қостанай облысының прокуратурасы жыл соңына дейін «Түрмедегі жұмыспен қамту» жобасын енгізбекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба бойынша сотталғандардың 75%-і жұмысқа орналасады. Бұл туралы бүгін Қостанай облысының прокуратурасында өткен консультативтік кеңес отырысында ведомствоның 7-ші басқармасы бастығы Елдос Рахаделов айтты.

«Біз бұл бастаманы жыл аяғына дейін қолға аламыз. Жоба екі бағыт бойынша жүзеге асады. Жұмысқа тұратындар «Еңбек-Қостанай» өңірлік мекемесінің өндірістік базасында іріктеледі. Облыста қылмыстық атқару жүйесінің 5 мекемесі мен бір өмір бойы бас бостандығынан айыру түрмесі бар», - деді Елдос Рахаделов.

Жазасын өтеушілерді жұмысқа тұрғызу үшін жергілікті әкімдіктер де жағдай жасайды. Қазірге дейін 100 жазасын өтеуші кәсіпке тартылды. Олар қала көшелеріне жарық орнату, тротуарға тас төсеу, жиһаз жасау сынды жұмыстарды атқаруда.

Рахаделовтің айтуынша, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында рақымшылыққа іліккен жазасын өтеушілер де жұмысқа араластырылған.

«Рақымшылыққа іліккендердің қатарында ауыр қылмыс жасағандар болған жоқ. Орташа қылмысқа барған 6 қылмыскер босап шықты. Ал 60 адамның жазасы жеңілдетілді», - деді басқарма бастығы.

Соңғы жаңалықтар