Қостанай облысында тұрғыны аз ауылға газ тартылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат  -  «Қостанай облысының елді мекендерін газдандыру және газ тарату желілерін жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында Қарабалық ауданындағы Ворошилов ауылының тұрғындары газға қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бөлек Тоғызақ, Антоновка, Алчановка сияқты ірі ауылдарға да газ беріледі. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов мәлім етті.



«Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Осы тұрғыда «ҚазТрансГаз» компаниясы үлкен жұмыс атқарып келеді. Екі жылда облыста 600 шақырым газ құбыры салынады, 50 мыңнан астам тұрғыны бар 8 елді мекенге газ беріледі. Осының арқасында газға қосылған халық саны 10%-ға артады», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директорының орынбасары Мұқан Сәдуақасовтың сөзінше, Ворошилов секілді тұрғындар саны аз ауылдардың газға қосылуы үлкен маңызға ие.

«Елбасының тапсырмасы бойынша елімізді газдандырудың бас жоспары бекітілді. Осы жоспарды жүзеге асыру аясында Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» былтыр Қашар мен Октябрь кенттерін газ жүйесіне қосты. Жобаға сай ауыл ішіндегі құбырларды біздің кәсіпорын орнатты. Әрбір абоненттің үйінің алдына газ құбыры келіп тұр. Ал оны үйге жалғау, газ жабдықтары мен есептеуіш құралдарды орнату жұмыстарымен қызмет көрсететін мекемелер айналысады», - деп түсіндірді  ол.



Құрылыс барысында 6,9 шақырымға жуық көшеаралық газ құбырлары тартылды. Елді мекендегі тұрғындар саны - 495 адам. Ауылдағы 155 жеке үйдің 49-ы газға қосылған, тағы 4 үйдегі монтаж жұмыстары толығымен аяқталды.

Еске салайық, 2015 жылдың қараша айында мемлекет басшысының өндірістік процестерді тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасы аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және Қостанай облысы әкімдігі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бүгінгі таңда Қостанай облысының 55% тұрғыны көгілдір отынға қосылған. 170 мыңнан астам абоненттің 1656-сы заңды тұлғалар, жеке тұлғалар саны - 168 624. Алдағы екі жылда олардың саны 220 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар