Қостанай облысында қандай дәрігерлер жетіспейді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының ауылдарында әмбебап дәрігерлер жетіспейді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Дәуітбаев айтты.

Ведомство басшысы айтқандай, облыстағы денсаулық сақтау саласында 15 459 адамжұмыс істейді. Оның небәрі 1816-сы ғана дәрігер. Тек 6462 қызметкердің орташа медициналық білімі бар.

«Былтыр Тобыл-Торғай өңіріне 105 жас маман және 16 тәжірибелі дәрігер келген. Олардың 93-і ауылдық жерлерге жіберілді. Арасында онкологтар, бала дәрігерлері, терапевт және хирургия саласының мамандары бар. Бірақ, бұл облыстағы кадр мәселесін толық шеше алмады. Қазіргі уақытта өңірге 275 дәрігер жетіспейді. Жергілікті билік қалада жұмыс істеуге келген жас мамандарға 500 мың теңгеден, ауылдық жерлерге ат басын бұрғысы келгендерге 2,5 млн теңгеге дейін көтерме ақы ұсынады. Оның сыртында, олар еңбекақысына қосымша ынталандыру мүмкіндіктеріне ие болады. Алайда, осындай мүмкіндіктерге қарамастан, медицина кадрларының жетіспеушілігі әлі сезіледі. Қалалар салалық мамандар қатарын толықтыра алмай отырса, ауылдарға бірінші кезекте терапевттер және әмбебап дәрігерлер қажет», - дейді Е.Дәуітбаев.

Басқармасының басшысының айтуынша, дәрігер тапшылығын жою үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, жас мамандарды тарту мақсатында Батыс Қазақстанның медициналық университетімен келісім жасалған. Бұған қоса мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Рудный және Затобол кентінде 250 орынға шақталған емхана салу жоспарланған.

«Біз жергілікті бюджет есебінен 100 дәрігерді салалық мамандықтар бойынша оқыта аламыз. Мұнан соң олар Қостанай аймақтарында бес жыл жұмыс істейді. Біз қазір резиденттерге 80 грант бөлеміз және дәрігер мамандығын таңдаған жастарға тағы 20 грант үлестіріледі. Олардың университеттегі оқуларының ақысын төлейміз. Әсіресе, гинеколог, педиатр, анестезиолог-реаниматолог, кардиолог мамандарға сұраныс жоғары», - деді басқарма басшысы.

Дәуітбаевтың сөзіне қарағанда, кадр тапшылығының кесірінен туберкулез, ана мен бала өлімі, қан айналу жүйесі, қатерлі ісік аурулары бойынша Қостанай облысы тәуір көрсеткішке қол жеткізе алмай келеді.

Соңғы жаңалықтар