Қостанай облысында 5 педофилге химиялық кастрация жасалуы мүмкін

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат -  Осы жылы Қостанай облысында 5 жазасын өтеуші педофилге химиялық кастрация жасалуы мүмкін, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ерлік Сералинге сілтеме жасап.

Сот төрағасының мәліметі бойынша, биыл облыс бойынша 5 педофилдің жаза мерзімі аяқталады.

«Олар бостандыққа шығуға 6 ай қалған уақытта арнайы сот-психиатриялық сараптамадан өтеді. Тексеру нәтижесінен соң олардың педофилияға ұшырағаны дәлелденсе, химиялық кастрация жасалады. Бір жағынан химиялық препараттар адам денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Қылмыскердің денсаулығы кастрацияны көтере алмауы да мүмкін. Ондай жағдайда педофилге кастрация жасалмайды», - деп түсіндірді Сералин.

Белгілі болғандай, химиялық кастрация тек соттың үкімімен арнайы сараптаманың қорытындысы бойынша ғана қолданылады. Андрогенді дәрі инъекциялары бас бостандығынан айырылған азаматтарға жазасын өтеу мекемелерінде, ал өзге жаза түрлеріне сотталғандарға денсаулық сақтау мекемелерінде жүзеге асырылатын болады.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап педофилдерге химиялық кастрация жасауға рұқсат беретін заң нормасы күшіне енді. 

Соңғы жаңалықтар