Қостанай облысында 28 әйел әкім бар

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Архимед Мұхамбетов барша қостанайлық нәзік жандыларды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінде Қостанай облысында 884 мың адам тұрса, оның 52,6%-ы әйелдер. Мұның сыртында өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің 60%-ы нәзік жандылардың үлесінде.

«Жергілікті атқарушы органдардағы 140 әйел лауазымды жұмыстарды атқаруда. Оның ішінде 6 облыстық басқарманың басшысы, 9 қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары, 28 ауылдың әкімі бар. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік әлеуметтік саясат көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, жалғызбасты аналарды қолдауға бағытталған. Мәселен, Ана мен бала орталығы, жаңа перзентханалар салынып, заманауи құрылғылармен жабдықталды. Президенттің биылғы Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап, мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына арнайы жәрдемақы тағайындалатын болады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін осындай тұрақты қамқорлықтың арқасында елдегі демографиялық жағдай түзелді», - деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

Былтыр Қостанайда Саясаткер әйелдердің клубы ашылды. Клуб құрамында 17 әйел жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты - мемлекеттік және қоғамдық-саяси жұмыстардағы әйелдердің кадрлық резервін қалыптастыру. Осы тұста облыс басшысы Қостанайдағы мақтан тұтар тұлғалардың еңбектерін «жіпке тізді».
null

«Есімі облыстың тарихына алтын әріптермен жазылған жандардың бірі бүгін біздің ортамызда. Ол - Социалистік Еңбек Ері Алевтина Кузьмина. Бұл кісі жастайынан еңбекке араласып, зор табыстарға қол жеткізді. Тобыл-Торғай өңірінің атағын алысқа жіберіп, күллі қазақты өнерімен тәнті еткен Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованы білмейтін қазақ жоқ. Ұлттық өнерімізді өрге сүйреп келе жатқан Әсия апамыз өткен жылы «Қостанай облысының құрметті азаматы» атағына ие болды. Жақында А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ доценті Индира Бейшова ҚР Президенті Қорының сыйлығын алды. Облыстың үздік мұғалімі Жанар Көпжасарқызынада ризашылығымыз мол. Қостанайдың даңқын асырып, айрықша табыстарға қол жеткізіп жүрген жандарды бүгінгі кешіміздің қадірлі қонақтары қатарында көргеніме қуаныштымын! Барлықтарыңызды көктемнің тағы бір мерекесімен құттықтаймын!» - деді облыс әкімі.

Биыл Елбасы Жарлығымен 3483 көпбалалы анаға «Алтын алқа» төсбелгісі тапсырылды.Сондай-ақ, 4066 ана «Күміс алқаға» ие болды. Бұл тізімді қостанайлық 35 көпбалалы ана толықтырып отыр. Бүгінгі шарада Архимед Мұхамбетов 19 көпбалалы ананы төсбелгілермен марапаттады.
null

«Елімізде көпбалалы аналарға деген құрмет шексіз. Төл мерекеміз қарсаңында облыс әкімінің қолынан марапат алып отырмыз. Бала тәрбиелеу ісіндегі еңбегімізді елеген әрбір жанға аналық махабатымыз шексіз», - деді «Алтын алқа» иегері Айгүл Шаяхметова.

Белгілі опера әншісі Сүндет Байғожин осы кешке арнайы келіп, нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтады. Ары қарай мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.
nullnull

Соңғы жаңалықтар