Қостанай облысы соттарының барлығында аудио-бейне бақылау бар

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгінде Қостанай облысы соттарының 100 пайызы аудио-бейне тіркеумен жабдықталған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық соттар әкімшісінің басшысы Әбдіжәми Құлдүйсеновке сілтеме жасап.

Осы мәселеге байланысты жиында айтылғандай, сот төрелігін жүзеге асыру, сот ісін жүргізудің ашықтығына қол жеткізу бойынша жұмыстарды оңтайландырудың перспективалық бағыттарының бірі - ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану.

«Аймақтағы соттардың барлығы сот залы аудио және бейнежазба құралдарымен жабдықталды. Сондай-ақ, компьютерлер мен ұйымдастыру техникасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталған жайт сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған іс-әрекеттердің туындауына кедергі болатыны анық. Сот хатшылары қазір бұрынғыдай сот мәжілісінің хаттамасын жасақтамайды, тараптардың сот мәжілісінде айтқан сөздері аудио-бейне таспасына жазылып алынып, сот мәжілісі аяқталғасын олардың өтініштері бойынша қолдарына беріледі», - деді Құлдүйсенов.

Сонымен қатар, қазіргі таңда сот ісін жүргізуді автоматтандыру және оңтайландыру мақсатында «Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» ақпараттық сервистері іске асырылуда.

Әбдіжәми Құлдүйсеновтің айтуынша, 2016-жылы 47041 сот ісінің 44924-і аудио-бейне тіркеу арқылы қаралды.

«Сот жүйесінде заманауи технологияларды пайдалану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, төрешілік кедергілерді қысқартады, сот органы қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады», - деді облыстық соттар әкімшісінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар