Қостанай облыстық бюджетінің кіріс бөлігі 1 млрд 795 млн теңгеге кеміді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы бюджетінің кіріс бөлігі 2017 жылы едәуір кеміген. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Спанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік сатып алуды өткізу нәтижелері бойынша 2 млрд 23 млн теңге облыстық бюджетке қайтарылды. 

«Бұл қаражаттың біраз бөлігі әр түрлі қажеттіліктерге жұмсау үшін келесі жылға ауысады. Атап айтқанда, 704 млн теңге Арқалық жылу-энергетикалық компаниясына отын мазутын сатып алу үшін, 383 млн теңге Юбилейный ықшамауданына электр желілерін жеткізуге, тағы 100 млн теңге Ұзынкөл ауданындағы мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады», - деді Спанов.

Тұтастай алғанда, 2017 жылғы облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 1 млрд 795 млн теңгеге төмендеді. Бұл қаражат қалдық ретінде 2018 жылғы бюджетке көшіріледі.

Жиын барысында облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Сергей Жалыбин  қаладағы Алтынсарин-Лермонтов көшелерінің қиылысында тұрған екі ғимараттың құрылысы жөнінде сұрады.

 «Келесі жылғы бюджетті нақтылау кезінде иесіз тұрған осы ғимараттарды біржақты ету керек. Бұларды пайдалануға болатын ғимараттар тізіміне енгізу туралы ұсыныс айтқым келеді. Меніңше, аталған құрылыс нысандарын мемлекеттік- жекешелік әріптестік шеңберінде қолдануға болады», - дейд Жалыбин.

Қоғамдық кеңестің ұсынысын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те қолдады. Өңір басшысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бұл мәселені біржақты етуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар