Қостанай балабақшасындағы жемқорлық: директор орынбасары сотталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанайда ҚР ҚК 368-бабы, 2-бөлігі (парақорлыққа делдал болу) бойынша айып тағылған 45 жастағы Айгүл Тобылбаеваға үкім шықты. Тобылбаева сот залында қамауға алынды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық соттың ақпаратына сәйкес, шілде айында балабақша директорының міндетін атқарып жүрген Тобылбаева ауыр жемқорлық қылмысын жасаған. Жалпы құны 3 490 000 теңгеге жасалған мемлекеттік сатып алулар жөніндегі келісімге сәйкес «Б» жеке кәсіпкерлігі балабақшаның шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстарын өз уақытында аяқтаған. Тапсырысты беруші балабақша директоры Р. Хажиева делдал ретінде сол мекеме директорының орынбасары Тобылбаеваны пайдаланып, келісім құнының 10%-ы көлемінде пара талап еткен. 26 шілдеде Қостанай ауданының Мичурино ауылында Хажиева делдал Тобылбаева арқылы 350 мың теңге көлемінде пара түріндегі ақшаны алып жатқан жерінен ұсталды.  

Бүгін соттың үкімімен А. Тобылбаева айыпты деп табылды. Сот оған мүлкін тәркілей отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік мекемелерде ұйымдастыру-әкімшілік немесе әкімшілік-шаруашылық қызметтермен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сотталушы жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 350 мың теңге көлемінде пара алды деп  айыпталған №14 балабақша директоры Раиса Хажиеваға Қостанай қалалық №2 сотында 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар