«Қошқар ата сейілі» туралы не білеміз

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шым шаһардың тұрғындары ілгеріде қыстан аман-есен малын жұтатпай шыққан адамдар шүкірлік ретінде «Қошқар ата» өзенінің бойына жиналып, қошқарды құрбандыққа шалады екен. Сөйтіп жыл басы «Наурызды» осы жерден тойлап, «Қошқар ата сейілі» деп аталатын асыл тұқымды қошқар мейрамын ұйымдастырған көрінеді.

Дәстүрге айналған мейрам туралы ертеректе жарық көрген қазақ басылымдарында да жазылған. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының қызметкері  Үсен Арыстанов 1923 жылы 22 наурыз күні жарық көрген «Ақ жол» газетінің №287 санында төте-араб әріптерімен жазылған мақаланы аударып, жұртшылыққа жария етті. Онда былай деп жазылыпты:

«Шымкент уезінен. Осы март айының 25 күнінен бастап, Шымкент қаласында Наурыз мейрамы жасалмақшы. Әр жылы  уез һәм Сыр халқының дағдысы бойынша апрель айының басында «Қошқар ата сейілі» болмақ керек еді. Сол екі мейрамды бір қылып, биыл сейілді 25 марттан бастап отыр. Бұл Қошқар ата сейіліне Шымкент, Ташкент һәм Әулиеата уездерінің адамдары жиналады. Сейіл болатын орын Шымкент стансиясының жанындағы «Қошқар ата» бұлағының басындағы тегіс жерде болып, һәр жылы 200 - 300-дей қазақ үйлері тігіліп, бір аптаға дейін һәр үйде жиналған халық топ-топ  болып тамаша қылып жатады. Сол бір аптаның ішінде жергілікті халықтың әр түрлі тамаша ойындарының бәрі де істелмек. Осы март айының 20-нан басталмақ болып тұрған оқу апталығынында осы айтылған қос мейрамменен бірге қылып өткізіп,  жиналған халықтан әртүрлі жолмен оқу істеріне бірталай жәрдем жинаймыз деген үміттеміз.  Үйездің әр бұрышынан келіп, бұл сияқты неше он мыңдаған халық жиналған үлкен уездегі ел бастығы азаматтар тарапынан халыққа үгіт-насихат айтылмақ. Осы күнгі шаруашылық істері һәм басқа түрлі ел ішінде екпінді ретте істелмек болып жатқан жұмыстар турасында елді түсіндіріп, ел шаруасының аяққа басып оңдалуына себепкер болмақ. Авторы - Жарменов» делініпті мақалада.

null 

Бертін келе Кеңес үкіметі құрылып, наурыз мейрамын тойлауға тиым салынғаны белгілі. Әз Наурызбен бірге «Қошқар ата сейілі» де ұмыт қалған. Береке мен бірлікке толы  мерекені қайта тойлау тек 2016 жылы  ғана қолға алынды. Тарихы ғасырға жуық мерекеге байланысты тарихшылар бастама көтеріп, қала басшыларына  әз Наурызды атап өтудің көне нұсқасын ұсынған болатын. Сөйтіп 100 жылдан кейін ескі дәстүр жаңғырып, қалалық әкімдіктің қолдауымен дәстүр жалғасын тапты.  Бұл күні қала тұрғындары Қошқар ата өзенінің бойына жиналып,  түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырады. Ұлттық тағамдар дайындалып, қонақтар Наурыз көже мен ыстық бауырсақтан дәм татады. Осылайша көктемнің алғашқы айында жұртшылық бұлақ басында  сейіл құрып, мәз-мейрам болады. Себебі, қаланы қақ жарып жатқан бұлақ суы ең таза саналады. Оның  емдік қасиеті де зор. Бұлақ басында адамдар жыл он екі ай суға түсіп, түрлі дертінен айығып жатады.

«Сондықтан жыл жаңаруының осы жерден басталуы тегін емес. Қазақ халқының ежелгі үрдісін жандандырып, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын насихаттаудың бірден бір жолы» дейді ел ағалары.

null 

Соңғы екі жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан шарада асыл тұқымды қошқарлар мен қойларды таныстыру да үрдіске айналған. Бір өзі бес қойдың етін беретін асыл тұқымды қойлардың көрмесі де осы мерекелік шаралар аясында өткізіледі. Соңынан  кіл мықты мен күш атасын еңсерген ерлер арасында қошқар көтеруден сайыс өткізіледі. Мерекенің көркін қыздыратын сайыста ерлер салмағы 60-70 келіден астам қошқарды иықтарына салып, өзара мықтылықтарын сынап көреді. Тұяқтыны 70-тен аса көтерген жеңімпазға сол қошқар сыйға беріледі.

 Бұл күні ұлттық ойынның өзге де түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Боз кілемде белдескендер қазақша күрестің жеңімпазын анықтаса, тоғызқұмалақ, асық ойнаушылар мен  кір тасын көтерушілер де өзара сайысқа түседі. Жергілікті ақындар арасында айтыс өткізіліп, қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің ерекші үлгісін көрсетеді. Алып шаһардың еңсе тіктеген баласынан еңкейген қариясына дейін суырып салма ақындарды тыңдап, сөз өнерінің інжу-маржанын ұтымды жеткізе білген ақындарға қошемет көрсетеді. Ал, қылқалам шеберлері мерекенің көркін келтіріп, мезгіл мен мерекенің сұлулығын суреттеуден сынға түседі. Шаһар тұрғындары сондай-ақ өзеннің бойында қолөнершілер көрмесін көріп, түрлі  концерттік бағдарламаларды тамашалайды. Осылайша ұмыт болған дәстүрді ұлықтаған күн жыл сайын жалғасын тауып келеді.

null 

Айта кетейік, айнадай тап-таза Қошқар ата бұлағы киелі саналып, мұнда жұрт намаз оқып және ұлттық рәсімдерді орындау үшін келеді. Аңызға сәйкес бұрынғы уақытта өзеннің бойында Қошқар ата тұрған деседі. Ол адамдарды тек шөппен ғана емес, сондай-ақ емдік қасиеті бар осынау өзен суымен де емдеген екен. Халық емшісі өзен бастау алатын бұлақтарға қарайтын болған.

Қария өмірден озғаннан кейін, оны осында жерлеп, ол жерге шағын кесене салынған. Ал өзенге оның аты берілген. Осы жердегі су температурасы жылдың қай мезгілі болмасын, ғажайып күйде үнемі +11 градусты ұстап тұрады.

null 

Соңғы жаңалықтар