Қошанов Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беруге қатысты ойын білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізген Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Октябрь ауданының атауын Әлихан Бөкейханы ауданы деп өзгерту бастамасына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Октябрь ауданы жөнінде бізде жиі мәселе көтеріледі. Шынында да, менің өз ойым - Октябрь ауданының атауы өзгергені дұрыс. Біздің Қарағандыда Ленин деген де көше бар әлі. Енді оның уақыты келіп те қалған шығар. (...)  Әлихан Нұрмұхамедұлы Қарағанды облысының ғана емес, қазақтың үлкен қайраткері. Ол кісінің еңбегін де, ұлылығын да біз мойындаймыз. Сіз айтқан мәселе менің алдымдағы әкімнің кезінде де қаралған болатын. Қазір де бұл мәселе біздің қарауымызда», - дейді облыс әкімі.

Ерлан Қошанов өз сөзінде аудан атауын өзгертудің өз тәртіптері мен рәсімдері бар екенін атап өтті.

«Бұл облыс әкімі келіп ауыстыра салатын мәселе емес. Октябрь ауданы деген ол республикадағы ең ірі аудандардың бірі. 260 мыңдай адам тұрады. Міне, сондықтан да, бұл зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Мен әкім болып келген кезде бәрі дайын тұрса қазір оның атауын ауыстырып та жіберуге болатын еді. Бірақ, бұның бәрін біз зерттеп, қоғамдық тыңдау өткізіп, тиісті шешім шығаруымыз керек. Оның барлығын осы жерде шынын айтқанда, ашып айта алмаймын», - дейді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы бұл бағытта жұмыс тоқтамайтынын жеткізді.

«Кішкене ғана шегініс жасасам... Маған осы сұрақты 100 күн өткен кезде (өңірге әкім болып келгеніне 100 күн болғанда - авт) де қойып еді. Мен сонда да айтып едім. Сәбит Мұқановтың кітабын бала кезде оқығанмын. Есімде қалып қойып еді. Мағжан Жұмабаевты, Әлихан Бөкейханов секілді тұлғалардың аттарын атауға да болмайтын. Сол кітапта мен білемін, біздің ұлы классигіміздің өзі Мағжан Жұмабаевты, осыларды «байдың құйыршығы», «халық жауы» ретінде санамызға сіңіріп тастаған ғой. Бірақ, Тәуелсіздік алғаннан кейін, Елбасының қолдауының арқасында қазір оның барлығын ашық айтып жатырмыз. Әлихан Бөкейханның атында қаншама көше бар. Ескерткіш ашылып жатыр. Біз өзіміздің ардақтыларымызды қадірлеп, ұлықтап жатырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзінде тегіңді білу, кодыңды білу дегенге шақырады ғой. Біз дұрыс келе жатырмыз. Бұл бағытта жұмыс жасалады», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар