Қош бол, енді, қазақтың Төлегені...

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құман Тастанбековтың қазасы жайлы қаралы хабарды естігелі бері дүйім жұрт ел сүйген актерының өмірден өткеніне сенгісі келмейтін секілді. Қазақтың жүрегіне Төлеген болып еніп, миллиондардың ыстық ықыласына бөленген актер көз жұмды. Елі ерін жоқтап қалды.

Құман Тастанбеков 1945 жылы бұрынғы Талдықорған облысының (қазіргі Алматы облысы - авт) Сарқант ауданында дүниеге келген. Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетін бітірген. Ол сахнада О. Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» - Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» - Ұшқыш, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» - Тәңірберген, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» - Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» - Шоқан, Т. Ахтановтың «Антында» - Сауран, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» - Әлібек сынды негізгі рөлдерді сомдады.

Құман Тастанбековтің кино өнері саласындағы еңбегі де елеулі. Ол атақты «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің рөлімен «жұлдызы жанған» актер. Бір емес, бірнеше буынның сүйікті фильміне айналған туындының қазақ киноматографиясында орыны бөлек, шоқтығы биік. Одан бөлек, «Біздің Ғани»» (1971), «Қыс - суармалы кезең емес» (1972), «Мұнда аққулар ұшып келеді» (1973), «Аққулар жаңғырығы» (1974), «Қосымша сауалдар» (1978), «Ағамның қалыңдығы» (1979), «Провинциалды роман» (1981), «Қараша қаздар қайтқанда» (1981), «Өрнек» (1982), «Алаң жиегінде» (1982), «Кімсің сен, салт атты?» (1987),«Адам-жел» (2003), «Махамбет» (2008) т.б кинотуындылардағы Құман Тастанбековтың рөлдері ел жадында өшпес бейнеге айналды.

Орны толмас қазаға қабырғасы қайысқан ел Құман Тастанбеков жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, актерды соңғы сапарға шығарып салуға дайындалып жатыр. Актермен қоштасу рəсімі 20 желтоқсан күні сағат 10:00 уақытында Алматыдағы М.Əуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында өтеді.

Актер Бекжан Тұрыс:
null 

«Қазақтың арғы-бергі тариxында талай жақсылар өтті ғой. Бірақ, аға, сіздің орныңыз мен үшін ерекше. Саxна - тұлғалардың тұғыры. Бірақ актер біткен тұлға емес. Саxнаға шыққанның бәрі саңлақ емес. Сіз кино мен театр өнерін тел емген нағыз саңлақсыз. Біздің қоғам атақпен ауырып жатқанда сіз өзіңіз сүйген театр мен өнердің дидарына дақ түсірмеудің амалын іздеуші едіңіз. Сазға да, әнге де, жаны құмар, жан-ағау, сізден аларымыз көп еді, қайтейін... Тірлігімде қадіріңе жете алмасам кеш, аға!

Жақсы адамның өлген күні болмайды, аға, тек туған күні болады. Соған сенемін... Күншығыс еліне тура сіз өмірден өткен күні өзіңіз сүйген өнердің туын құлатпау үшін, қазақтың мерейін асыру үшін алдын ала жоспарланған іссапарға кетіп бара жатқанымыз осының дәлелі... Қазақ xалқы, қазақ театры барда сіз өлмейсіз! Руxыңыз елмен бірге жасайды.

Қатал уақыт жер басып жүрген пендесін көзден жасырса да, оның қоғам игілігіне сіңірген еңбегін тығып тастауға дәрменсіз.

Сіздің саxнадағы бейнеңіз xас шебердің қолынан шыққан мүсіндей болып, көзкөргендердің көңіл-қиялында жарқырап тұрмақ. ...Енді мен сізді сағынам... Сағынтасыз әлі... Ең өкініштісі, өзіңіз жақсы көрген бауырыңыздан бір уыс топырақ бұйырмайтыны... Жалған дүние-ай... Бақұл болыңыз, аға!»

Дәстүр Ұлттық-этнографиялық журналының директоры Қасымхан Бегманов:
null 

«Иə, кешегі қызыл заманда миллиондардың жүрегінде қалған аяулы актер, қазақтың ер Құманымен, аяулы Төлегенімен, эпостағы асыл бейнені біздің өмірге Ақбоз атпен ап келген Ардақты актермен қоштасатын күн де кепті. Ат үстінде жұлдыздай аққан сұлу болмыс, кезінде көкірегімізге ерекше Рух құйған ерекше дарын иесі, Құман аға, бақыл болыңыз!

Абыздың інісін қимай тұрғаны бекер емес, біз енді оны тек қазақ киносының ленталарынан ғана көретін боламыз.

Қаза қайырлы болсын, Қазақтар!»

Ақын Серікзат Дүйсенғазы:
null 

Төлегенмен қоштасу...

Желтоқсан...
Қарып өтіп мұз жүректі,
Қайғысы қалың елді жүз жүдетті.
Қадалып улы жебе желкесіне,
Қалдырды Төлегенсіз Қыз Жібекті!

Бекежан дүйім елді зар жылатты,
Мүлт кетпей атқан оғы дәл құлатты.
«Ақбозат, иең қайда?» деп сұрайды,
Көрген ел ойнақтаған арғымақты.

Асыл ер іңкәр еткен адамзатты,
Өткені дүйім жұртқа жаман батты,
Сумаңдап сұр жыландай суық xабар,
Сұрланған дүниеге тарап жатты.
Аққуы Ақжайықтың сұңқылдады,
Қосағын іздеп жаны бір тынбады.

Шегенің шерлі әуені төгілгендей,
Шерменде әлем бір сәт мұң тыңдады.
Жалғанның жалт етерін жан біліп пе?
Тағдыр ғой талпындырған алды үмітке.
Қоштасып әуелеген алты қазбен,

Төлеген кете барды мәңгілікке.
Опасыз осы емес пе, өлім деген,
Келгенін сезбей қалар көңіл дөнен.
Ажалдың ақ семсері қаққа жарды,
Тірлікте қос жүректі бөлінбеген.

Қош енді, Құман аға, Нар Төлеген,
Халқыңа үлгі болған мәрт өнегең!
Бекежан Қособада оқ атқанмен,
Ел-жұртың іздер сені әр төбеден.

Желтоқсан...
Қарып түсті мұз жүректі,
Өмірден із қалдырған ізгім өтті.
Япырай, қайтіп енді жұбатармыз,
Сыңсыған сыңары жоқ Қыз Жібекті?!

Ақын Саят Әбенов:

Қош бол енді қазақтың Төлегені,
Өмірде де орныңыз бөлек еді.
Қыз Жібегін іздеген жігіттерге,
Із қалдырған тұлғасыз өнегелі.
null 

Жазбалар аталған азаматтардың Фейсбуктегі парақшаларынан алынды.

Соңғы жаңалықтар