Қос аяғынан айырылған Серік Есматов спорт пен ерік-жігер туралы айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлемде паралимпиада спортшыларынан рухы мықты адам жоқ болар, сәрі. Олар тағдыр тәлкегіне түскенімен, мойымады. Біреуге мұңын шағып, көмек сұрап отырмай, өздерін алға жетелеп, қиындықтарды еңсеруде, жаңа биіктерді бағындырып келеді.

Паралимпиада спортшысы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының бірі Серік Есматов ҚазАқпарат тілшісімен өмірдегі мақсаттары мен ерік-жігер тұрғысындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

- Өмірдің осындай қиын жолына тап болғанға дейін, спортқа жақын болдыңыз ба?

- 10 жасымда Арман және Аян есімді ағаларым спортқа келуіме себепші болған. Мен өзімді әртүрлі спорт салаларында сынап көрдім. Нақтылап өтсем, бокс, велоспорт және жүзу сынды спорт түрлерінде өз күшімді сынадым. Үлкен спортқа барып, Олимпиада жеңімпазы атану арманым еді. Жасым 13-ке таяғанда екі аяғымнан айырылып, армандарымнан бас тарта жаздадым.

- Сіздің осы жағдайдан кейін спортқа қайта келуіңізге не түрткі болды? Жарыстарда қай спорт түрі бойынша және қандай санатта өнер көрсетесіз?

Осы жағдайға душар болғаннан кейін спортшылар қатарына қайта оралып, волейбол ойнай бастадым. Бастапқыда, спортпен қайта қалыпқа келу мақсатында айналыстым. Мені ынталандырған себептердің ең бастысы - үйдегі туғандарыма масыл болғым келмеді. Көп ұзамай волейболдан жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастадым. Небәрі 4 айдан кейін маған волейболдан Қазақстанның жастар құрамасында ойнау мүмкіндігі туды. Ал 2013 жылдың қазан айында Малайзияда өткен жастар арасындағы параАзия ойындарында үшінші орын алдық.

- Паралимпиада ойындарына қатысуды армандайсыз ба?

- Әрине, Паралимпиада ойындарында алтын алып, Қазақстанның атын шығарғым келеді. Менің спортпен айналысуға деген табандылығым мен ерік-жігерім паралимпиада спорты бойынша алдыға осындай мақсат қоюыма негіз болды.

- Спортпен айналысу кезінде қандай қиындықтарға тап боласыз? Спорт залдары барлық қажет жабдықтармен қамтамасыз етілген бе?

- Екі аяғың болмай тұрып, спортпен айналысу оңай емес. Бұл, біріншіден ерік-жігер, қорқыныштарды жеңуге деген ұмтылыс. Екіншіден, барлық спорттық кешендер мүгедектерге қажет жағдаймен жабдықталмаған. Маған протездің көмегімен жүріп, өзіме артық салмақ салу қиындық тудырмайды. Бірақ мүгедектер арбасынан тұра алмайтын азаматтар қайтпек? Мені біз сияқты адамдарға қаланың әртүрлі мекемелерінде оңтайлы жағдай жасау қолға алынбағаны ойландырады. Біз де осы қоғамның ажырамас бір бөлшегі, осы елдің толыққанды мүшесіміз ғой?!

- Қазақстандықтарға не тілер едіңіз?

- Төрт мүшесі сау болса да, өзі қалаған жұмысын таба алмай, жаңа iPhone X немесе пәтер сатып алуға шамасы жетпей, арызданатын азаматтардың мұңын жиі естимін. Сол кезде, протездің көмегімен алғаш рет жасаған 10 қадамымды еске аламын. (...) Өз аяғыңмен жүріп, күн сайые таңертең ата-анаңды көріп, серуендеу қандай бақыт екенін білсеңіздер ғой.

Соңғы жаңалықтар