Көрші елден әкелінген өнімдерден сальмонелла таяқшалары табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Ресейден әкелінген өнімдерден сальмонелла және ішек таяқшасы тобы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Гүлбақыт Наурзалинаның айтуынша, биылғы наурыз айында 29 сауда орнынан 111 тағам өнімі сатып алынып, зерттелген. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысына сәйкес 26 тағам өнімінің Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейтіні мәлім болды.

Сәйкессіздіктің көпшілігі, яғни 22-сі Кеден одағы өндірушілерінен табылса, соның 20-сы Ресей, екеуі Беларусь елінің өнімі болып шықты. Сол секілді мұндай сәйкессіздік Украина, Сербия, Франция және АҚШ секілді алыс-жақын шетелдердің өнімдерінен де анықталды.

Сәйкессіздіктің басым бөлігі (22 өнім) өнімнің таңбалануына қатысты. Атап айтқанда, сүт (ірімшік, қаймақ, балмұздақ)  және құс өнімдерінің (тартылған ет, жұмыртқа, жартылай фабрикат, паштет, шұжық өнімдері, қосымша өнімдер) белгісінде мемлекеттік және орыс тілінде ақпарат көрсетілмейді. Қаптамасы ашылғаннан кейінгі сақтау ережелері (май, ірімшік, сүзбе өнімі, тартылған ет), Кеден одағына кіретін елдер нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі көрсетілмеген (құс еті), дайындалған күні екі түрлі болып жазылған (балапан-бройлер жартылай фабрикаты, қосымша құс өнімдері).

Микробиологиялық қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша Самара қаласындағы «Аметист» ЖШС шығарған «Котлетный» мұздатылған тартылған етінен патогенді сальмонелла және ішек таяқшасы тобының бактериясы  анықталды.

Сонымен қатар ішек таяқшасы тобының бактериясы (колиформа) Саратов қаласындағы «Саратовский молочный комбинат» ЖШС өндірген «Добрая буренка» майсыз ірімшігінен және Самарадағы «Фабрика Лактомелия» ЖШС шығарған Сокурск тракты  мен ванилин иісі бар тәтті массадан табылды. Мұның екеуі де - сүт өнімдері.

Оған қоса тұтынушыларды алдау, тауардың тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты жаңылыстыру дерегі белгілі болды. Яғни санитариялық-гигиеналық сараптама нәтижесінде аталған сүт өнімдерінде май-қышқыл құрамы бойынша сәйкессіздік анықталды және 3 құс өнімінде екі түрлі дайындалу күні көрсетілген.

«Осы сәйкессіздіктерді жою мақсатында жоспардан тыс екі тексеріс ұйымдастырылып, 9 бұзушылықты жою туралы ұйғарым дайындалды. Анықталған деректер бойынша өнім өндірушіге қатысты шаралар алу үшін БҚО ішкі істер департаментіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодкесі 190-бабына сәйкес тұтынушыларды алдау мәселесін қарауға материалдар жолданды», - деді Г.Наурзалина. 

Соңғы жаңалықтар