Қорғаушылардың бірінің қайтыс болуынан Тоқтар Төлешовтің соты кейінге қалдырылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «сыра королі» Тоқтар Төлешов пен өзге де сегіз айыпталушыға қатысты өтіп жатқан сот отырысы қыркүйек айына қалдырылды. Атышулы сот процесінің кейінге шегерілуіне қорғаушылардың бірінің кенеттен қайтыс болуы себеп болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.   


Белгілі болғандай, Төлешовпен бірге айыпталып жатқан Еңбекші ауданы бойынша Салық басқармасының  бас маманы Мадияр Мұсаевтың қорғаушысы Асан Бердібековты ара шағып алған. Арадан аллергиясы бар заңгер артынша қайтыс болған. Осыған орай, бұрынғы мемлекеттік қызметкерді қорғауға өзге адвокат шақырылды. Алайда бірнеше томнан тұратын істен хабарсыз қорғаушы судьядан танысу үшін белгілі бір уақыт сұрады. Бұл сұранысты судья қанағаттандырып, кезекті сот отырысы 4 қыркүйекке белгіленді.

Еске салайық, бұған дейін елде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыпталып, 21 жылға сотталған Төлешовке, енді ұйымдасқан қылмыстық топ құру арқылы экономикалық қылмыстар жасаған, табысын жасырумен қатар салықтан жалтарған деген айыптар тағылып отыр. Әрі осы әрекеттері арқылы мемлекетке миллиардтаған шығын келтіргені тергеу кезінде дәлелденген. Іс бойынша тағы сегіз адам айыпталуда. Олардың арасында Төлешовтың сыбайластары мен Еңбекші аудандық Салық басқармасының бұрынғы қызметкерлері бар.

Соңғы жаңалықтар