«ҚОРҒАС» ШЫХО-на күніне 3 мыңға жуық адам келеді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - "Қорғас" Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына келушілер саны күн санап өсуде. Күні кеше  олардың  саны екі миллионға жеткен аймақтың жұмысымен БАҚ өкілдері танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының əкімдігі жəне облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған шараға республикалық жəне облыстық БАҚ өкілдері,  мемлекеттік мекемелердің баспасөз қызметкерлері жəне блогерлер қатысуда. Екі күнге жалғасатын шара барысында Ұйғыр жəне Панфилов аудандарында іссапар жалғасады. Бүгін  шараға қатысушылар  "Қорғас" ШЫХО-да болды. Халыққа қолжетімді сауда-саттық аймағында тауарлар нарық бағасынан бірнеше есе арзан бағамен саудалануда. Орта есеппен бұл жерге күніне 2500 -3000 адам келеді. Биыл Қазақстан тарапынан келушілер саны 830 мыңнан асады деген болжам бар. Ал 2015 жылы олардың саны жарты миллионнан асқан.

Қатысушылар "Құрғақ порттың" жұмысымен де танысты. «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында жүк тасымалы артуда. 2020 жылға қарай мұнда жылына 5,5 миллион тонна жүк тасымалданады деп жоспарлануда.  Ұлы Жібек жолына қайта қан жүгірткен ірі жоба нәтижесінде  Орталық Азия және  Еуропа елдеріне тауарлар жылдам жеткізілуде. Контейнерлік пойыздар қозғалысы қарқынды жүріп жатыр.

БАҚ өкілдері  болашақта тұрғындар саны 100 мыңнан асатын  "Нұркент" қалашығында да болды. Екі күнге созылатын шара аясында  олар  Ұйғыр ауданындағы бекіре тұқымдас балықтарды өсіріп, көбейтетін "Тенгрий фиш" ЖШС жұмысымен танысады.

 

Соңғы жаңалықтар