Қорғаныс министрлігі әскерге радикалды ағымдағы жастарды барынша қабылдамауға тырысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігі әскерге радикалды ағымдағы жастарды қабылдауды барынша болдырмауға тырысады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне ҚР Қорғаныс министрлігінен хабарланды.

«Шақырту науқанына дайындалу кезеңінде жергілікті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын барлық азаматтарға қатысты арнайы есепке алу картотекалары бойынша тексеру үшін ҚР ҰҚК мен ішкі істердің аумақтық органдарына сұраулар жоладанады. Осылайша, Қорғаныс министрлігі әскери қызметке іріктеу кезеңі барысында радикалды ағымдағы жастарды қабылдауды барынша болдырмауға тырысады»,-деп атап өтілген ведомство мәліметінде.

Осы ретте жолданған сауалға келген жауапты қорытындылай келе, шақырылушыны әскерге қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім шығарылады.

Атап айтқанда, армиялық ортаға дәстүрлі емес діни ағым идеясын уағыздайтын, оның ішінде экстремистік сипаттағы адамдардың кіруін болдырмау мақсатында  «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы ҚР Заңымен аудандық және облыстық шақыру комиссияларының құрамына ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органдары басшыларының орынбасарлары мен ішкі істер органдарының тиісті аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, жақында бұқаралық ақпарат құралдарында Ақтөбеде радикалды топтағы жастар әскер қатарынан жаппай шеттетіле бастағандығы хабарланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар