Корейлер елордада жаңа жыл мерекесін қалай атап өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Корей мәдени орталығы «Сольналь» ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл мерекесін атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



Мереке аталып өткен орталық көрермендерге лық толды. Жалпы, қазақстандықтардың корей мәдениетіне деген қызығушылығы ерекше деп атап өтуге болады. Себебі, жүздеген адам аталмыш мерекені көруге, әртүрлі мәдени сабақтар мен бағдарламаға қатысу үшін келген.

«Сольналь - бұл Кореяның ұлттық мерекесі. Ол қуаныш пен бақыттың нұрын шашатын Наурыз мейрамы іспетті. Біздің дәстүрлеріміз өте ұқсас - бабаларды құрмет тұту, көктем алдында кешірімді болу секілді ғұрыптарымыз үндес. Біз осы мерекені өткізуге бір ай бойы дайындалдық. Шынымызды айтсақ, шарамыз үлкен қызығушылық тудырады деп ойлаған жоқ едік», - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен әңгімелескен орталықтың директоры Хёран Ли.



Корейдің жаңажылдық салт-дәстүрлері шынымен де қызықты. Сольналь - ай-күн күнтізбесінің алғашқы күні, Кореядағы маңызды мерекелердің бірі. Үш күн бойы тойланады: жаңа жылдың алдындағы күн, жаңа жыл күні мен келесі күн. Бұл отбасылық мереке болғандықтан, Кореядағы адамдардың барлығы отбасындағы үлкеннің үйіне жиналады. Күні бүгінге дейін кореялықтар мереке күні өздерінің дәстүрлі костюмі - «ханбокты» киеді.

Мереке бабаларға құрмет көрсету - «чхаремен» басталады. Таңертең отбасы бейітке немесе үйде мехраб (алтарь) орнатып, жаңа жылда бабаларынан қорған болуды сұрайды. Жаңа жылдың міндетті ғұрыптарының тағы бірі - «себе». Ол дәстүр бойынша кішілер үлкендерге иіліп, олардың батасы мен кеңесін алады.



Сольнальда әртүрлі ойындар да ойналады: отбасылық «юннори» үстел теннисінің көркін қыздырып, ер балалар мен олардың ағалары немесе әкелері көкке батпырауықтар ұшырады. Ал қыз балалар әткеншекте отырып, қызықты акробатикалық нөмірлер жасайды.

Кореяның Астанадағы мәдени орталығына келген меймандар бүгін осы ойындардың бірқатарын ойнауға мүмкіндік алды. Астаналықтар корейлердің ұлттық «ханбок» киімдерін киіп көріп, «себе» экспресс-курсынан өтті. Корейдің дәмді тағамдарын әзірлеп, ұлттық жаңажылдық «токкук» сорпасынан дәм татты.














Соңғы жаңалықтар