Кореялық жұлдыз Со Кан Джун: Димашпен танысқым келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесіндегі корей павильонының құрметті елшісі, танымал оңтүстіккореялық актер және шоумен Со Кан Джун Кореяның ұлттық ұлттық күнін атап өту және фанаттарымен кездесу үшін Астанаға екінші рет келді. Тығыз уақыт кестесіне қарамастан, актер ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзивті экспресс-сұхбат беріп үлгерді.

- Со Кан Джун, сіз ЭКСПО-2017 көрмесіндегі корей павильонының құрметті елшісісіз. Бұл сіз үшін жаңа тәжірибе шығар?

- Мен үшін корей павильонының құрметті елшісі болып, Қазақстанға келу үлкен абырой. Маған Корея павильонының «Болашақтың энергиясы. Ақылды өмір» тақырыбы ұнайды. Бұл павильон шын мәнінде әлемге қызықты әрі ғибратты ақпарат бере алады және қызықты технологиялық шешімдер ұсына алады.

- Астана қаласынан қандай әсер алдыңыз? Сізбен кездесуге осыншама көп фанаттың жиналатынын білдіңіз бе?

- Астананың өзі маған ерекше ұнайды. Әдемі қала, әдемі ғимараттар. Халқы мейірімді және сыпайы. Маған адам аз жүретін орындар ұнайды және бұл тұрғыда Астана мен үшін ең ыңғайлы қала. Мүмкіндіктер болып жатса, Астанаға турист ретінде келіп, демалғым келеді. Бұл менің Қазақстанға екінші сапарым, өткен жылы келгенде мұндағы фанаттарым айтарлықтай аз еді. Сонда да Астанада жанкүйерлерім бар екенін біліп, таң қалған едім. 

- Қазақстандық жанкүйерлеріңізге не айтасыз?

- Өткен жылы Астанадан кетерде фанаттарыма қайта ораламын деп уәде беріп едім. Биыл ЭКСПО-ға барып, жанкүйерлеріммен жолығу мүмкіндігі туды. Ең алдымен, олардың уақыт бөліп келгеніне алғыс білдіремін. Бүгін (19 шілде - Кореяның ЭКСПО-дағы ұлттық күні) өте қызық күн болды. Қазір кореялық драмаға түсіп жатырмын, түсірілім жұмыстары аяқталған соң, фанаттарымды жаңа туындыны көруге шақырамын. 

- Сізге қайсысы жақын: сериалға түсу ме әлде ТВ-шоуға қатысу?

- Әр жанрдың өз артықшылықтары бар. Фильмдер мен сериалдарға түсу менің арманым болатын. Бұл маған ұнайды. Мен онда түрлі кейіпкерлерді ойнаймын. Ал көңіл көтеретін бағдарламаларда халық менің шынайы жан дүниемді көре алады. Екеуінің де артықшылықтары көп, сондықтан біреуіне бүйрегім бұрады деп айта алмаймын. 

- Қазақстандық орындаушы Димаш Құдайбергенді білетін шығарсыз? Біздің отандасымыз  Кореяда да танымал ма?

- Димаштың жеке өзін танымаймын. Бірақ, Қытайдағы музыкалық байқауда көрсеткен өнерін тамашаладым. Ол талантты, көрікті, биік әрі еңселі адам. Өзін сахнада жақсы ұстайды. Димашпен сахнадан тыс өмірде танысамын деп үміттенемін. Өткен жылы Қазақстанға келгенімде, Ninety One тобының концерті өтті. Оларды жақсы танимын. Кореялық әншілер ме актерлерді еске салады. Өте жақсы топ. Өткен жылға дейін қазақстандық әншілерден хабарым жоқ еді, олармен біртіндеп танысып келемін.

- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет, Кан Джун!

Соңғы жаңалықтар