Көрермендермен қауышу - әртістер үшін үлкен бақыт - Асанәлі Әшімов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Көрермендермен қауышу - әртістер үшін үлкен бақыт. Бұл туралы Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының Батыс Қазақстан облысындағы гастроліне орай Оралға арнайы келген осы өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовтің атап өткеніндей, Ақ Жайық өңірі - талай ұлылардың кіндік қаны тамған киелі өлке.

«Біздің театр осындай қасиетті топырақта бір апта гастрольмен болды. Бұл, әрине, аз. Бір ай болса да, артық етпес еді. Мен әрдайым журналистер қойған сауалға халық әртісімен, әр уақытта халықпен біргемін деп айтамын. Өйткені қай өнердің де басты төрешісі - халық. Халық айтса, қалт айтпайды. Бәрін де бағалайтын халық. Әртістердің екі өмірі бар. Бірі - күнделікті өмір. Екіншісі - сахна. Адамдардың жасына жас қосып, ғұмырын да ұзартатын осы театр. Мен, міне, 81 жасқа келдім. Көрермендеріммен қоштасқым келмейді, әлі талай кездесеміз. Осы сапарымызда бізді облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, театр ұжымына ризашылығын білдірді. Өнерді әрдайым қолдауымыз керек. Мұхтар Әуезов айтқанындай, халықты өсіретін де, өшіретін де - өнер», деді А.Әшімов.

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында М.Әуезов атындағы театр сенбі күні қойған «Таңсұлу» драмасы (авторы Ғарифолла Есім, режиссері Алма Кәкішева) алдында сондай-ақ БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов сөз алып, театр директоры Асхат Маемировке өңір басшысының атынан алғысхат табыс етті.

Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында театр гастролі өңірлерде бұдан былай да жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар театр Францияда өтетін дүниежүзілік «Авенью» театр фестиваліне Қазақстаннан алғаш рет қатысайын деп отыр. Оған театр ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) «Қорқыт» драмасын әзірлеуде.  

Айта кетейік, М.Әуезовтің Оралдағы гастролі 13 мамыр күні жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасымен (режиссері Юрий Ханинга-Бекназар) түйінделеді. Одан кейін Арқалық қаласына аттанады. 

Соңғы жаңалықтар