Кооперативке біріккен оңтүстікқазақстандық шаруалар табыстарын еселеп жатыр
Шаруалар үшін кооперативке бірігудің тиімділігі орасан екенін айтқан орталық мамандары Арыс қаласында болды. Тұрғындарды тың бастама бойынша мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерден хабардар етті. Мәселен, кәсібін субсидиялап, несиелеуде тұрғындарға жеңілдіктер жетерлік.
Сала мамандарының сөзінше, «Оңтүстік» аймақтық инвестиция орталығы жыл басынан бері 16 кооперативті құруға күш салған. Бұл мақсатқа 279 млн теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ орталық кәсіп ашамын дегендерге мол мүмкіндік ұсынып отыр. Бүгінде кооперативтердің кепілдемесіз, жеңілдетілген несиелер алуына жағдай жасалған. Қаржыландыру мекемесінің көмегімен қазіргі таңда 10 кооперативке 290 млн тенге бөлінген. Ал Шымкент қаласында біріккен 4 шаруа қожалыққа қолдау көрсету мақсатында 61 млн теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, 2 сүт тасымалдау автокөлігі алынып, 2 сүт қабылдау бекеті мен 3 өңдеу цехы және мал сою бекеті жабдықталған.