Конституцияны қастерлеу - әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ежелден белгілі қағидат бар - заңдылық сақталған жерде ғана тұрақтылық пен орнықты даму болады. Заңдылық сақталмайтын, конституциялық өзегі солқылдақ мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Тіпті қазақтың ұлы даласында ықылым заманнан хандықтың сақталып келуі, содан барып бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы сол бір кездегі дала заңдарының беріктігі негізінде ғана орын алды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті Жарғысы» хандық ішіндегі тәртіпті бекемдеп қана қойған жоқ, мемлекеттілікті нығайтты, елдіктің өміршеңдігін танытты. Яғни, қазақ тарихындағы хандар заманында қазақ қауымдастығының дамып, өрлеуі де негізінен заңдылықты сақтаудың арқасында ғана мүмкін болған. Бір кездері бұл солай болса, бүгінгі шапшаң өзгеріске ұшырап жатқан ғасырда конституциялық қағидаттарды берік ұстану дамудың бірден-бір кепіліне айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның өз ұстанымын бекітіп, болашағын айқындаған 1995 жылғы Конституция елдік тарихымыздың жаңа парағына айналды десе де болады.

Өркениеттік даму көшіне қосылып, халықаралық аренада өзіндік орнын алған Қазақстан үшін Ата Заңының артықшылықтары қандай? Бұл ретте алдымен Конституцияның қабылдану тарихына да көз жүгіртсек. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдау арқылы болашақ бағдарды айқындаумен байланысты болды. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол тұста айқындағандай Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын. Осы негізге сүйенгендіктен 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Алғаш қабылданған 1993 жылғы Конституцияның мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл Негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс еді. Оның біріншісі - мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден - экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден - жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден - ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата Заңда көрсету. Алайда, елдігіміз үшін аса маңызды осы төрт мақсатты шешіп беретін баптар тұңғыш Конституцияның жобасында толық қамтылмады. Соның салдарынан, уақыт өте келе, заман ағымы мен сұранысына қарай, тұңғыш Конституцияның кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Негізгі заң - Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата Заң екі қайтара түледі. Өйткені 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын. Екіншіден, елдің еңсесін көтеріп, жедел жаңғырту үшін саясидан бастап түпкілікті экономикалық өзгерістер қажет еді.

Жаңа Конституцияны қабылдау да оңай бола салған жоқ. Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар тобы көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізді. «Біз үшін дамудың әр түрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әр түрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені - тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс географиясы да ауқымды болатын - ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды. Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді», - деп еске алады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөйтіп, Тұңғыш Президенттің өзі бастама жасап, сол кездері Еуропа мен Азияның, Солтүстік және Латын Америкасының барлығы 20-дан астам дамыған және дамушы елдерінің конституцияларын зерттеп, саралап, зерделеп шықты. Сосын 1994 жылы Елбасы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата Заңымыздың негізін қалады. 1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық Кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заң да осы - 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», - деген болатын.

Сөйтіп 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау  бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Осылайша, дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауы да заңдылық. Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша атқарылған констициялық реформа да соның айғағы.

Әйтсе де әрбір қазақстандықтың қазіргі һәм өмір бойғы басты міндеті Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап - Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ата Заң туралы былай деп айтқаны бар: «Конституцияны қатаң ұстану - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру - бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау». Ал бүгінгі елдік даму жағдайына келсек, Мемлекет басшысының айтуынша, Конституция елдің тұрақты дамуына барлық тетіктерді қамтып отыр. «Біздің Негізгі Заңымызда табысты даму үшін де, Ұлттың өзді-өзінен жаңаруы үшін де барлық құқықтық құралдар бар. Біз алдымызға жаһандық мақсат - ғасырдың ортасына қарай, 2050 жылға дейінгі кезеңге әзірленген стратегиялық бағдарлама негізінде Қазақстанды әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің біріне айналдыру мақсатын қойдық. Барлық көшбасшы елдерде табыстың екі басты құрамдасы бар екенін тарих көрсетіп отыр. Біріншісі - серпінді экономика және жаңғыру. Екіншісі - тұрақты конституциялық жүйе және орнықты мемлекет. Осынау екі фактор ХХІ ғасырда Қазақстанға да толық дәрежеде қажет», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Түптеп келгенде, Конституцияны қастерлеу - әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Өйткені, Президент айтқанындай «Конституцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтау арқылы Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсеміз». Түйіндей айтсақ, Конституция мемлекет тарапынан ғана емес, қоғам тарапынан да қолдауға мұқтаж. Бұны әрбір азаматтың түсініп, конституциялық патриотизмге мойынсұнғаны ләзім.  

Соңғы жаңалықтар