Конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесінің икемділігін арттырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуіне орай конституциялық реформа бастамасы жалпыхалықтық талқылаудан өтті.

Қалың бұқара арасындағы пікірлерді екшеп-ескерген комиссияның ақырғы отырысы да аяқталды. Енді Ата Заңға енуі тиіс өзгерістер соңғы пысықтаудан соң заң шығарушы билікке - Парламенттің қарауына түсуі тиіс.

Сарапшылар пікірінше, жақын арада Парламентке тапсырылатын «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға бұқара арасындағы белсенділік жоғары болды. Ресми дерекке қарасақ, конституциялық реформаға байланысты Қазақстан азаматтары 6 мыңнан астам ұсыныс жасапты. Конституциялық реформаны белсенді талқылау әлеуметтік желіде де қарқынды жүргізіліп, мыңдаған пікір жазылды. Өз көзқарастарын танымал адамдар, Үкімет мүшелері, мемлекеттік ведомстволардың басшылары, қоғам қайраткерлері, барлық саяси партиялардың өкілдері, шығармашылық өкілдері, зиялылар, танымал спортшылар білдірді.

«Жұмыс тобы кездесулерде айтылған, БАҚ пен интернетте жария етілген барлық пікірлерді, мәселелер мен ұсыныстарды тіркеді. Президент Әкімшілігі тарапынан арнайы пошта мекенжайы бөлініп, оған кез келген ниет танытқан азамат өз материалдарын жіберді. Азаматтардың барынша бесенділік танытып, қызығушылық көрсеткендігін атап өткен орынды. Бұл Конституциялық реформаларды қоғамда талқылау шешімінің дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдей түседі», - деді билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков.

Оның атап өтуінше, ұсыныстар еліміздің барлық өңірлерінен және халықтың барлық топтарынан келіп түскен. «Соңғы күндері ұсыныстар өте көп болды. Азаматтардан 6 мыңнан астам түрлі ұсыныстар келіп түсті. Олар Конституцияның 98 бабының 63-іне қатысты және Ата заңның барлық бөлімдерін қамтиды», - деді Жақсыбеков.

Конституциялық өзгерістер референдум арқылы емес, Парламент арқылы шешімін табады

Ауқымды жұмыстың нәтижесінде арнайы комиссия халықтық ұсыныстардың басым бөлігін қолдаған екен. Дегенмен, күн тәртібінде тұрған мәселеде қоғамдық пікірлердің екіге айырылған тұстары да баршылық болды. Мәселен, соның бірі конституциялық реформаны жалпыхалықтық референдумға шығару жөніндегі бастама болатын. Бұған қатысты Елбасының өзі арнайы тоқталып, Конституцияға Парламент арқылы өзгерістер енгізудің себебіне назар бұрды. «Ата заңда Конституцияға өзгерістерді референдум арқылы да, Парламент арқылы да енгізуге болады деп айтылған. Оны Президент шешеді. Сондықтан конституциялық құқықты пайдаландым. Негізгі саяси жүйеге айтарлықтай өзгерістер енгізейік деп отырғанымыз жоқ. Істеліп жатқан жұмыстың барлығы елімізге, жұртымызға керек екінші дәрежедегі мәселелер болғаннан кейін халықтың барлығын дабыратпай Конституцияның талабы бойынша Парламент арқылы өткізуді дұрыс деп санадым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, конституциялық реформаның мақсаты - демократиялық процестерді ілгерілету арқылы мемлекеттегі  басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Осының арқасында Қазақстандағы жағдайды одан әрі жақсартуға, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндіктер туатын болады. Бұнымен қоса, билік тармақтары арасындағы теңгерімділік сақталады. Парламент пен Үкімет және сот билігі өз өкілеттіктері аясында, теңгерімді жағдайда жұмыс жасайтын болады.

26-баптың тағдыры шешілді

Конституциялық реформа талқыға түскелі бері қоғамда ең көп сөз болғаны - 26-бап. Айта кетерлігі, заң жобасында Конституциясының 26-бабының 1-тармағы «Әркім заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген мәтінде ұсынылған еді. Жұрттың жүрегіне жақпағаны осы - «әркім» сөзі болатын. Жоба бойынша қолданыстағы «азаматтар» сөзін осы «әркіммен» алмастыру ұсынылған. Алайда осыған қарсылардың уәжі қаттырақ болды. Бұндағы уәж де былтырғы жер мәселесіне келіп тиіп жатты. Біреулер осы арқылы шет ел азаматтарына жерді беру заңдастырылады десе, оған қарсы тарап жер мәселесінің бұған қатысы шамалы екенін білдіріп бақты. Жақтаушылар бұл жерде «әрқайсысы» деп Қазақстанның азаматтарын да, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар деп түсінуге тиіс екенімізді еске салды. Олардың да мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Өстісек шетелдік азаматтар Қазақстанға инвестиция әкеледі, ал келген инвестицияны Конституциямен сақтандырып, қорғауымыз керек деді. Түйіндей айтсақ, 6 мыңға жуық ұсыныс түссе, сондағылардың басым бөлігі 26-бап туралы болды. Ал оның ішіндегінің басым көпшілігі осы бапқа қарсылық танытыпты.

Соңғы қабылданған шешімге сәйкес, «әркім» сөзі енгізілмей мәтін «азаматтар» деген бұрынғы қалпында қалатын болды. Осылайша, біреулер қолдап, біреулер қос қолын көтере қарсылық танытқан мәселеге ең ақырғы нүктені Елбасының өзі қойды. Айта кетерлігі, комиссия отырысында Президент: «Мен талқылаулар барысын тыңғылықты қадағалап отырдым және оның мақсатына қол жеткізілгендігін айта аламын. Халық талқылауы барысында негізінен біз енгізген өзгертулер қолдау тапты. Бүгін біз азаматтардан келіп түскен ұсыныстар мен пікірлерді қараймыз, қорытындысын шығарып, одан ары не істеуіміз керектігі жайында шешім қабылдаймыз», - деген болатын. Елбасы Конституцияның 26-бабын ескі редакцияда, яғни қолданыстағы редакцияда қалдыруды ұсынды.

Ағылшын тіліне мемлекеттік мәртебе сұрағандар болды

Айға жуық талқылаулар барысында 6 мыңға тарта ұсыныстар келіп түсті дедік. Олар қолданыстағы Конституцияның 23 бабына өзгеріс енгізеді. Алайда, талқылауларды мұқият қадағалап отырғанын танытқан Президент конституциялық реформаға қатысты азаматтар пікірлерінің шашыраңқылығына назар аударып, бұны биліктің жіберіп отырған кемшілігі ретінде атап өтті. «Азаматтарымыз айтқан пікірлердің шашыраңқы болуы жұмыстағы, билік жүйесіндегі біздің кемшіліктерімізді, әсіресе құқық қорғау органдарымен айналысуымыз қажеттілігін білдіреді. Маған да өлім жазасына қатысты түрлі мәселелер айтқан болатын. Сондықтан жұмыс тобы мұның барлығын електен өткізіп, барынша маңызды пікірлерді анықтауы қажет. Қатып қалған ештеңе де жоқ, процесс, өмір жүріп жатыр, барлығы да дамуда. Уақыттың талабына сәйкес қандай да бір өзгерістер болар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының сөзіне қарағанда, конституциялық реформада басы айқын мәселе - бұл Қазақстанның негізгі саяси моделі сақталады. «Қазақстан Президенттік республика болып қала береді. Сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесі дәуір талабына сай икемді болуы тиіс. Реформалардың нәтижесінде биліктің бір тармағы өкілеттігін толық иеленіп, дербес жұмыс істейді. Соған сәйкес әр тармағы жауапкершілікті де сезінуі тиіс. Өкілетті биліктің Үкімет пен атқарушы органдарға бақылауы күшейеді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бұл ретте Елбасы өзгерістердің мемлекеттің кәсібилігін арттырумен қатар Конституциядағы биліктің бірден бір бастауы халық деген қағиданы бекіте түсетініне назар аударды.

«Ел болашағы үшін айрықша маңызды осы құжаттың тағдырын біз шешуіміз керек. Әрі қарай не істеуіміз керек екендігіне бүгін қорытынды жасап, қашан Парламентке талқылауға түсетіндігін келісуіміз керек. Конституцияның 23 бабына өзгеріс енгізілетін болды, заңдарға 35 өзгеріс енгізіледі. Бұл жерде айта кететін негізгі мәселе осының барлығы Президенттегі өкілеттіктерді басқа тармақтарға беру болып отыр. Өздеріңіз де білесіздер, басқа елдерде, керісінше, президенттің өкілеттігін жоғарылату үшін референдумдар өткізіп, конституциялық өзгерістер енгізіп жатыр. Бізде, керісінше. Себебі 25 жылдың ішінде президенттік басқару жүйесі өзінің алдына қойған халық алдындағы мақсатын орындады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айтпақшы, ұсыныстар барысында Қазақстанда ағылшын тіліне ресми мәртебе беру де ұсынылыпты. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтың айтуынша, Конституция өзгертулерін талқылау жөніндегі жұмыс тобы келіп түскен барлық ұсыныстарды бірнеше блокқа жүйелеген.

Мәселен, Мемлекет басшысының мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын бөлімге 40-тан астам ұсыныс түскен. Соның ішінде реформа мақсаты Президент өкілеттігін қайта бөлу болғандығына қарамастан көптеген азаматтар Мемлекет басшысының өкілеттігін күшейтуді ұсынған көрінеді. Президенттік вертикальдың әлсіреуіне қарсылық танытқандар да болыпты.

«Парламент өкілеттігіне қатысты 88 ұсыныс келіп түсті. Толықтай алғанда, азаматтар Үкіметті жасақтау барысында Парламент рөлін күшейту қажеттігін қолдайды. Тіпті, адамдар парламенттік республикаға көшуді де ұсынды. Парламентті жасақтау тәртібін өзгертуді ұсынғандар да болды. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттарын бір мандаттық округ бойынша сайлау немесе Парламентті бірпалаталы ету де ұсынылды. Депутаттық корпусқа талапты күшейтіп, бір реттен артық сайлануын шектеу, Мәжіліс және Сенат депутаттарының жас цензурасын арттыру туралы да айтылды. Үкіметтің мәртебесі мен қызметі бойынша ұсыныстар негізінен оның Парламент алдындағы есептілігін күшейтуге қатысты болды. Сөз Үкіметтің барлық құрамын мәжілісмендермен міндетті түрде келісу жайында болып отыр», - деді жұмыс тобының жетекшісі.

Оның сөзіне қарағанда, ең көп ұсыныс құқық қорғау және сот блогына қатысты түскен. Олардың саны - 2148. Сондай-ақ Конституцияның 26-бабына да қатысты ұсыныстар мол болды. «Бұл мәселеге қатысты ашық пікірталас болды. Пікірлер әртүрлі. Азаматтардың бір бөлігі бұл норманы оң бағалап отыр немесе өздерінің редакцияларын ұсынады. Дегенмен, көпшілігі 26-бапқа өзгерту енгізубеуді сұрауда. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің рөлін күшейту, ағылшын тіліне ресми мәртебе беру сынды ұсыныстар да бар», - деді Әділбек Жақсыбеков.

Түйіндей айтсақ, конституциялық реформаны жүзеге асырудың көбі бітіп, азы қалды. Енді жақын күндері Ата заңда көрініс табатын ықтимал өзгерістер Парламентке енеді. Ары қарай заң қабылдау процесі өз ретімен жүргізіледі. Әйтсе де, Конституцияға өзгерістер енгізілген соң түйін бірден тарқатылып кетеді деген сөз жоқ. Одан кейінгі кезеңде Конституцияға сүйене отырып, заңдарға өзгерістер енгізіледі.

Ең бастысы бұл реформа кейбіреулер шатасып жүргендей президенттік билікті әлсіретпейді. Керісінше, Президенттен біраз өкілеттіктерді алып, жұмысын жеңілдету арқылы халықтың, елдің болашағына қатысты үлкен стратегиялық мәселелермен шұғылдануына біршама мүмкіндік беретін болады. Бұл ретте Мемлекет басшысы билік тармақтары арасындағы үйлесімді жұмысты қамтамасыз етіп отыратын жоғарғы арбитр рөлін атқарады. Осылайша конституциялық реформада қажетті жұмыстар жанданып жатыр. Әйтсе де бастысы өзгерістер енгізу емес, ең бастысы - реформаға жалпыхалықтық қолдау. Бұл бүгінгі қоғамда байқалып отыр. 

Соңғы жаңалықтар