Көнеден жеткен «Аққу биін» кім билеп жүр - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет елдердегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

*  * *

Ғалымдар ертедегі ірі кесірткелердің де өз құйрығын үзе алатындығын анықтады  - «Жэньминь жибао» (People Daily)
null 

Қытайлық және шетелдік мамандар тобының зерттеуінше, байырғы бауырымен жорғалаушы үлкен тұмсықты кесіртке де өз құйрығын үзіп, жауынан жан сауғалай алатын болған, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«Біз қазіргі кесірткелердің  құйрығын жауына үзіп беріп, жан сауғалайтынын білеміз. Бірақ бауырымен жорғалаушылардың мұндай жан сауғалау өнері қай заманда жетілген? Мамандардың зерттеу нәтижесіне қарағанда, байырғы бауырымен жорғалаушы үлкен тұмсықты кесірткінің құйрығын үзіп жан сауғалайтын өнері болғанын, оның керемет «Жан сауғалаушы» екенін дәлелдеді. Бұл зерттеу натижесі әлемдік беделді басылым «Ғылым мәліметі» журналында жарияланды», - деп жазады People Daily.

Көнеден қалған «Аққу биін» кім билеп жүр - «Ағажай- Алтай» порталы
null   

Жергілікті материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген көне «Аққу биін» насихаттап, жалғастырушы мұрагер Жайлаухан Елемесұлы Қытайдың  Алтай аймағында тұрады, деп жазады  kazakh.altxw.com порталы.

«Ертеректегі алқалы жиын-тойларда белгілі адамдар ішікті, тонды теріс аударып киіп «Аққу биін» және «Аю биін» билейтін болған. Сондықтан бұл билер дәстүрлі би мәдениетіміздің бір парасы әрі көпшіліктің көңілін көтеруге арналған өзгеше өнер түрі болып бағаланып отыр. Жергілікті билік биді материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосып, оның сақталуына, халық арасында насихатталуына көңіл бөліп келеді. Бұл билерде биші аюдың немесе аққудың түрлі қимыл-қозғалыстарын айнытпай салып, бейнелеп көрсетуді мақсат еткен. Мысалы, қазақтың «Аю биі» адамдардың аң аулау барысында аюдың азық аулағандағы қимылдарын бақылап, еліктеуі арқылы қалыптасқан. Биші аю болып жасанып, аюдың үңгірден шығуы, азық іздеуі, азығын байқауы, бақылауы, аулауы сияқты түрлі қимылдарын сондай-ақ, шапалақ соғуы, ақыруы секілді әрекеттеріне еліктеу арқылы аюдың икемсіз әрі сүйкімді, шабан әрі сақ, момын әрі зерек болып көрінетін қайшылықты бейнесін алып шығады», - деп жазады «Ағажай-Алтай» порталы.

Порталдың жазуына қарағанда, қазіргі күні осы билерді билейтін адамдардың жоқтығынан, би халық ортасында ұмыт бола бастаған. Бұл ретте портал «Аққу биін» санасына сіңіріп, бүгінгі күнге сақтап, атадан балаға мұра етіп, аманаттап жеткізген жалғыз мұрагер Жайлаухан Елемесұлы екенін, оның Алтай аймағының Қаба ауданында тұратынын хабарлайды.
null 

«Жайлаухан ақсақал «Аққу биін» бала кезінде әкесінен үйренген. Әкесі Жайлауханды жиын-тойларда жанынан тастамай ертіп жүріп «Аққу биін» үйреткен екен. Енді биші ақсақал осы өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру үшін, баласына үйретіп жүр. Олар қазіргі күні мереке-мейрамда «Аққу биін» билеп жұрттың ықыласына бөленуде. Өздері жобалап тіккен, «Аққу биін» билегенде киіп шығатын киімдері де бар», - деп жазады «Ағажай- Алтай» порталы.

Жаужүрек ақын - Мағжан - TRT порталы

2

Түркия Радио Теледидар порталы Еуразия университеті Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлының Мағжан жөніндегі сұхбатын жариялады.

«Сталин қан құсқан жылдарда да өлеңдерінде «ұлтым - түрік,  Отаным - Түркістан» деп жазған, жаужүрек ақын Мағжан Жұмабайұлының қайтыс болғанына биыл - 125 жыл. Мағжан Жұмабайұлы бірнеше шет тілді еркін меңгерген ойшыл ақын, бәрінен маңыздысы ол - түрік ұлтшылы. Ол түркітектес халықтардың қазақ,  қырғыз,  өзбек, түрікмен, татар деп емес,  бірлік ішінде ұлы Тұран идеясымен озатынын білді,  сезді. Мағжан 1925 жылға дейін Кеңес билігімен күресін жалғастырды. Ол сонымен бірге алыстағы түрік бауырларының Азаттық соғысына да алаңдады.  Анадолы түріктерінің азаттық күресіне қатыса алған жоқ,  бірақ жалынды сөздерімен, бүкіл түркіге қуат берген өлеңімен қолдау көрсетті. түрікшілдігі, түрік бірлігін аңсайтын жүрегі Кеңес одағы басшыларына жақпады. Талай зындардарға қамалып, айдауда болды. Қыспаққа қарамастан түркілік арманынан бас тартпады. 1938 жылы, 19 наурыз күні 45 жасында Сталиннің бұйрығымен атылған Түркістанның шейіт ақынын еш ұмытпаймыз»,- дейді Тұрсынхан Зәкенұлы.

«Қытай-Қазақстан» туристік пойызы қатынайды - «Жэньминь жибао» (People Daily)
4 

2017 жыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыдан кейін, Қытайда Қазақстанға саяхаттау қызу өрлеуге көтерілді. Ел ішіндегі туристік фирмалар Қазақстанға ішкерілей саяхаттау жоспарын ұсынып отыр, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

«Қазақстан - көне Жібек жолының бойына орналасқан, табиғаты ажарлы, көркем ел. Қазақстандағы Шарын шатқалының көрінісі  АҚШ-тың Колорода штатындағы Үлкен Каньон шатқалынан кем түспейді. Ал Тамғалы шатқалының тастағы суреттер галереясы 3000 жылдық тарихқа ие. Әлемдік мұра Ахмет Ясауи мазары да туристер көп баратын тарихи орын саналады. Сондықтан қытайдың «Лұймама» туристік компаниясы «Қытай-Қазақстан» арнайы туристік пойыз маршрутын іске қоспақ», - дейді портал.

Сайттың жазуынша, аталған халқаралық маршрут биылғы жылдың 17 мамырында Шанхай қаласынан жолға шығып, жол бойы Тұрпандағы Жалынтау, Тәңіртау етегіндегі Боғда көлі, Сайрам көлі және Қазақстан жеріндегі Шарын шатқалы секілді табиғаты әсем, ерекше нысандарды аралап шығуды көздеп отыр.

«Осы барыста саяхатшылар көркем табиғат дүниесін тамашалап, аң аулау, құс салу сияқты өзгеше ұлттық салт-дәстүрлермен кеңінен таныспақ», - деп жазады People Daily.

Қазақстандағы Иран елшілігінде Наурыз мерекесіне арналған рәсім өтті -  «Фарс» ақпарат агенттігі
5 

Қазақстанның елордасы Астана қаласындағы Елшілікте Наурыз мерекесіне арналған рәсім өтті. Шараға осы елде тұратын ирандықтар да қатысты, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Моджтаба Демирчилу рәсімде Наурыз мерекесін Иран мәдениетінің ең маңызды элементі деп атап, осы мейрамның адами және мәдени аспектілерін таныстырып өтті. Қазақстандағы ИИР Мәдени өкілдігінің басшысы Масуд Зейнаддин Наурыздың парсы әдебиетінде алатын орнына тоқталып: «Наурыз әрдайым ирандық ақындарға шабыт беріп, соның арқасында Наурызды сипаттайтын көркем туындылар мен өлеңдер жазылды»,- деді.

Ираннан бастау алатын Наурыз мерекесі әлемнің 12 мемлекетінде ресми түрде мойындалған. Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қазақстан, Қырғызстан және Албания елдерінің ресми күнтізбесінде Наурызды мереке ретінде атап, демалыс деп жарияланған.

Соңғы жаңалықтар