Композитор Әлшекей Бектібайұлының күйлері халқымен қайта қауышады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 сәуір күні «Астана» концерт залында «Сыр сүлейі - Әлшекей» атты шығармашылық кеш өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл мәдени іс-шара күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлының 170 жылдығына арналады.

ХХ ғасырдың бірінші жартыжылдығында халқымыздың басынан кешкен нәубеттері аз емес. Әсіресе, қайраткерлер, өнер иелері қуғынға ұшырады. Қатал сталиндік жүйе ешқандай жазығы жоқ қазақтың арыстарын «халық жауы» деп соттап, атып жіберген болса, енді біреулерін ондаған жылға түрмеге жапты. Осындай қуғын-сүргіннің тозағынан құтылу үшін елден жыраққа көшіп кеткендер де аз емес. Олар да тозаққа айналғандай өмір азабын көп кешкені тарихтан мәлім. Сондай қуғын-сүргін көрген жанның бірі кезінде «Сыр сүлейі» атанған күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлы екені анық.

Өмір жолына көз жүгіртсек, Әлшекей күйші 1847 жылы бүгінгі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 12 жасынан бастап ел ішінде домбырашы бала атанған ол өсе келе Сыр өңіріне есімі әйгілі күйші болады.

Ұрпақтары мен зерттеушілердің айтуынша, туған жерімен қоштасқан Әлшекейге ата жұртын қайтып көруді тағдыр жазбаған екен. Ол ел ішінде тыныштық бермеген соң, алғашқыда Өзбекстанның Жызақ, Самарқанд жағына көшіп барып, кіре тартып күнелтеді. Бірақ «бай-құлақтың тұқымы» деген қауесет бұл жерде де түрткілеп, соңынан қалмайды.  Содан ізін суыту үшін тағы да жылыстай көшіп, Ауғанстан асып кетуді ниет етеді. Жолай Бадының желіне ұрынып, Жұмабек пен Әлеухан деген балалары қайтыс болады. Мұнан әрі Тәжікстанның Шәрбәт ауданына қарасты Яуан (Жауан) қыстағына келіп тұрақтайды. Бұл жерге жеткенде жол азабына шыдамай Әлеухан мен Мұсадан туған екі немересі қатар шетінейді. Бұл кезде оның жасы сексеннен асып, үйде отырып қалған шағы екен. Әлшекей көкірегіне шер байланып, көңіліне сағыныш ұялаған қалпында, 1932 жылы фәни жалғанмен қош айтысады. Күйшінің сүйегі Яуан қыстағының шетіндегі қорымға, қос немересінің жанына жерленеді.

Елордада өтетін концерттік бағдарламаны ақын-сатирик, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбек ашады. Ол Әлшекей күйшінің өнері мен артында қалған ұрпақтары жөнінде кіріспе сөз сөйлейді деп күтілуде.

Сәрсенбі күні Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі Әлшекей күйшінің бірнеше шығармаларын орындайды. Атап айтқанда, «Толқын», «Шерлі», «Айрауықтың ащысы-ай»,«Бұқтым-бұқтым», «Сауда бұзар»,«Ол кім?», «Жаяу кербез»,«Аққу кеткен», «Қыз тоқтаған», «Желдірме», «Ақжелең», «Терісқақпай», «Сыбызғының күйі» және «Отарба» күйлері алғаш рет оркестрдің орындауында көрермен назарына ұсынылады. Өмірі шерменде өткен композитордың кесек туындылары халқымен қайта қауышатын болады.

Сонымен қатар Әлшекейге арналған екі күй де орындалады. Өнерсүйер қауым ол күні Еркін Нұрымбетовтың «Тарту» және Бәден Айсыновтың «Әлшекейдің сарыны» атты күйлерді тыңдай алады.

«Оркестрлердің репертуары енді Әлшекей бабамыздың туындыларымен толыға түсетініне кәміл сенімдіміз. Бұл істе Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі де өз үлесін қосуда. Осы орайда, күйшінің 170 жылдығына байланысты арнайы концерттік бағдарламаны көрермен назарына ұсынғалы отыр. Ендігі жерде туған елінде қанат жайып, екінші тынысы ашылған Әлшекей күйлерінің халыққа кеңінен тарала беретініне кәміл сенеміз», дейді Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали ЖАЙЫМОВ.

Әлшекей Бектібайұлының 170 жылдығына арналған шығармашылық кеш сағат 19-00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар