Коммуналдық ақыны артық төлегені үшін кімге қанша ақша қайтарылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылу маусымы кезінде республика бойынша барлық тұтынушылар 900 млн теңгені артық төлеп қойған. Себебі даладағы ауа температурасы әртүрлі болды. Енді, монополистер ол ақшаны биылғы төлемдердің есебінен шегеріп тастауы тиіс, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары Асан Дарбаевтың ұсынған мәліметі бойынша, монополистердің нақты қарызы 910 млн 214 мың теңгені құрап отыр. Әр облыста қайтарылатын ақшаның көлемі әртүрлі. Мәселен, Қарағанды облысы - 233 млн, Шығыс Қазақстан - 129 млн, Қостанай облысы - 66,5 млн, Батыс Қазақстан - 48,3 млн, Жамбыл облысы - 44,6 млн, Ақмола облысы - 21,1 млн, Қызылорда облысы - 19,5 млн, Павлодар облысы - 14,4 млн, Ақтөбе облысы - 12,4 млн, Атырау облысы - 9,7 млн, Солтүстік Қазақстан облысы - 9,3 млн, Маңғыстау облысы - 8,3 млн, Оңтүстік Қазақстан облысы - 1,9 млн, Алматы облысы - 613 мың теңге, Астанада қарыздың көлемі 1,6 млн теңгені құраса, Алматы қаласында 289,1 млн теңге xалыққа қайтарылуы тиіс.

«Енді, біз әрбір пәтерге қанша ақшаның қайтарылатынын есептеген жоқпыз. Себебі әрбір аймақта төлемақының көлемі әрқилы. Мәселен, Астанада 1,6 млн теңгені жылуды тұтынатын барлық пәтерлерге бөлсек, қайтарылатын ақшаның сомасы шығады», - деді Дарбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Айта кетейік, қайтарылған ақша әрбір адамның жеке есепшотында аванс ретінде көрсетілуі керек. Өткен жылғы жылу мауысымында артық төленген ақша ағымдағы маусымда қайтарылуы шарт.

Соңғы жаңалықтар