Көлік полициясының басшысы халық алдында есеп берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Астана қаласында ҚР ІІМ Көліктегі ІІД бастығы полиция полковнигі Аманжол Қабылов департамент халық алдында есеп берді, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.    

Департамент бастығы Аманжол Қабылов жиналғандарға Көліктегі ІІД-нің 2017 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары туралы ақпарат берді. Аманжол Жайғалиұлының сөзінше, жыл басынан бері Департаменттің қызмет көрсету аумағында барлығы 1437 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Қылмыстардың жалпы ашылуы - 71 %-ды құрады.

Есепті мерзім ішінде қылмыстар санын 6,4 %-ға  азайтуға, оның ішінде ауыр қылмыстарды 32 %-ға, онша ауыр емес қылмыстарды 23,4 %-ға төмендетуге қол жеткізілді.

Баяндамада өкілетті мемлекеттік органдардың өзара ықпалдастығы бойынша мәселелер, сондай-ақ, қоғамда тәртіпсіздіктер мен ұсақ  құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі сөз болды.

Бұдан соң кездесуге арнай келген азаматтар Департамен бастығына өздерін толғандырған сан-алуан сұрақтарын қойды. Олардың көпшілігі жолаушылар пойыздарындағы қауіпсіздік мәселелеріне, темір жол вокзалдары перрондарында заңсыз саудамен айналысу, заңсыз такси қызметіне қатысты қойылды. Ал, жоғары оқу орындарын бітірген жастар ішкі істер органдарына қызметке кіру үшін үміткерлерге қойылатын талаптар туралы білгілері келетіндіктерін жеткізді.

Сонымен қатар азаматтардан Департамент бастығының блогына, әлеуметтік желілер арқылы  жазбаша түрде сұрақтар келіп түсті. Жеке өтініштер бойынша Көліктегі ІІД аппараты қызметтері мен бөліністерінің басшыларына нақты нұсқаулар берілді.

Кездесу барысында Консультативті-кеңесші органның жұмысына бірқатар ұсыныстар енгізілді және көлік полициясы жұмысын одан әрі  жетілдіру бойынша нұсқаулар берілді.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ел Президенті Н.Ә. Назарбаев полиция қызметінің тиімділігін арттыру міндетін қойды. Расында, бүгінде қоғаммен өзара байланысты нығайту, сол арқылы халықтың полицияға деген сенімін арттыру аса маңызды. Бұл азаматтарға өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге үлес қосуға мүмкіндік береді», - деді ККО төрағасы Есбол Шәймерденов.

Шара соңында еліміздің Бас көлік полицейі барша жиналған қауымға белсенді қатысқандары үшін алғысын білдіріп, келіп түскен өтініштер мен ұсыныстардың ешқайсысының қараусыз қалмайтындығын айтты.

Соңғы жаңалықтар