Көлік логистикасы экономиканың тұрақтандырғыш рөлін атқара алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұхитқа шыға алмайтын, құрлық іші елдерінің арасында территориясы ең үлкен мемлекет саналады. Сыртқы саудада теңіздегі тасымалдардың маңызды рөл атқаратынын ескерсек, шындығында Қазақстанның халықаралық тасымал мәселесінде біршама проблемалары баршылық. Әйтсе де дәл осы мәселеге қатысты Елбасының «теңізге шығар жолы жоқ болғанымен, Қазақстанда екі алып мұхиттай көрші - Қытай мен Ресей бар» деген болатын. Яғни, осының өзі жаһандық сауданың екі белді өкілінің ортасындағы ұлан далада орналасқан Қазақстан үшін көліктік-логистиканы дамытудың аса маңызды екенін білдірсе керек.

Қалыптасқан «географиялық өлшем» түсінігімен алғанда Қазақстан теңізге шыға алмайтын мемлекет ретінде халықаралық саудадан кірісі төмендеу елдердің қатарына жатады. Әйтсе де, жаһанданудың бүгінгі заманында Қазақстанның географиялық орналасуының қолайлы тұстары аз деп ауызды қу шөппен сүртуге де келмейді. Өйткені, қазіргі заман уақыт, баға мен сапа жағынан бәсекелестіктің заманы. Ендеше, әр мемлекет қалай болғанда да өзінің артықшылығын әлемдік саудаға салуы тиіс.  Бұған бір ғана дәлел - жақында Ұлыбританияға бет алған Қытайдың алғашқы эксперименттік жүк пойызы Лондонның еурохабы - Баркингке жетті. Ендігіде қытайлық тауарларға сұраныс нарығы анықталған соң, бұл бағыттағы пойыз 2-3 ай көлемінде апта сайын қатынайтыны күтілуде.

Айта кетерлігі, әлемдік сауданың ошағына айналып отырған Қытайдан Ұлыбританияға жол салған алғашқы теміржол тасымалы өзінің біршама артықшылығымен ерекшеленеді. Мәселен, бұл бағытқа пойыз арқылы 18 күн кеткен. Бұл мерзім теңіз жолынан екі есе аз әрі әуе тасымалына қарағанда айтарлықтай арзанға шыққан. 12 мың шақырымнан асатын пойыз жолы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия, Франция және Англия арқылы өткен болатын. Осы бір ғана мысалдың өзі Қазақстанның келешегі - трансконтиненталдық көлік дәлізіне сұранып тұрғанын аңғартса керек.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары ел дамуын айқындаған маңызды мәлімдемелерінде транзиттік көлік дәлізін дамыту, еліміздегі барлық көлік дәліздеріне сервистік қызметтерді халықаралық талаптарға сәйкестендіруге басымдық беріп келеді. Нәтижесінде соңғы 5 жылда көлік инфрақұрылымын жасауға және жаңғыртуға 1,5 трлн. теңгеден астам қаражат бөлінген екен.  

Жол - елдің қандай екенін білдіретін маңызды көрсеткіштің бірі. Өйткені жаңадан жол салу, теңіз, темір жолдарын ашып, авиа қатынастарды дамыту, көлік-логистикалық орталықтарын құру - экономиканың әлеуетін арттырып, отандық тауарлардың әлемдік нарыққа шығуына көп септік болады. Үлкен жолдардың бойындағы ауылдардың, елді-мекендердің тіршілігі дамып, сауда-саттық өрістейді, қозғалыс пайда болады. Ең бастысы, бүгінгідей дағдарыс кезеңінде жол салу секілді ауқымды жобалар жұртшылықты жұмыспен жарылқауға үлкен мүмкіндік туғызады.

Мәселен, көліктік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 16 жоба көзделсе, олардың негізгі үлесінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жұмыстары қамтылған. Осының арқасында 75 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Ал автожолдардың құрылысы барысында жергілікті қамтудың деңгейі 95 пайыз құрапты. Яғни, жол салу арқылы қазақстандық кәсіптің де бір көзі ашылып жатыр деген сөз.

Айта кетерлігі, былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар 913 шақырым автокөлік жолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ, оның 767 шақырымы пайдалануға берілген. 2017 жылы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобалардың жұмысы жалғасып, (Астана-Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл және Орал-Каменка), жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр.   Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 12 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырымды құрайтын 9 жоба Халықаралық қаржы институтының есебінен жүзеге асырылатын болады.

«Жалпы алғанда, биыл 4,4 мың шақырым жолға жұмыс жүргізіліп, 100 мың адам жұмылдырылады. Сосын биыл жалпы ұзындығы 469 шақырымды құрайтын Алматы-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас автожолдарын ақылы қылып, төлем өндіріп алу жүйесін іске қосуды жоспарда. 2020 жылға қарай 6 мың шақырым жолды ақылы қылып, сол арқылы жыл сайын 30 млрд. теңге көлемінде қаржы жиналады деп жоспарланып отыр. Автожолдармен қатынаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін сапалы инфрақұрылымға үлкен мән беріледі. Ағымдағы жылы жолдардың бойында халықаралық талаптарға сай 50 қызмет көрсету нысанын салып, қазір жұмыс істеп тұрған 800 нысанды жаңғырту жоспарлануда», - дейді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Тұтастай алғанда, «Нұрлы жол» бағдарламасында халықаралық дәлізбен қатар, ел ішіндегі маңызды жолдарды жаңғыртуға да назар аударылды. Бұл ретте Елбасы күн шуағы секілді тармақталған - ел ішіндегі өңірлерді орталықпен байланыстыратын, одан әрі сыртқы нарыққа жол ашатын инфрақұрылымды дамытуға, жол құрылысына айрықша мән берді. Ондағы мақсат - Қазақстанды өңірдегі транспорттық-логистикалық хабқа айналдыру. Соңғы жылдары бұл бағыттың дамуы да тұтастай ел дамуына оң серпін беріп отырғаны осы саланың маңыздылығын айғақтаса керек.

Жалпы әлемдік тәжірибеде көлік инфрақұрылымының дамуы екі халықаралық индекспен бағаланады. Біріншісі - 4 көрсеткіш бойынша, яғни әуе, автомобиль, темір жол және порттық инфрақұрылымының сапасымен бағаланатын бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан соңғы 5 жылда 19 сатыға жоғарылаған. Екінші халықаралық индекс - Дүниежүзілік банк тарапынан 6 индикатор бойынша логистиканың тиімділігін бағалайды. Бұл индикаторлар елдегі логистикалық климаттың өзгеруін бақылауға мүмкіндік тудырады. Соған орай қолға алынған шаралар соңғы екі жылда Қазақстанның өз позициясын 11 сатыға көтеруге мүмкіндік берген.

Осылайша, Қазақстандағы жолдарды дамыту, көлік-логистикалық саланың әлеуетін арттыру Үкіметтің дағдарыс кезеңінде ерекше назар аударып отырған саласының біріне айналып отыр. Былтырғы жылды қорытындылаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстанның транзитті-көлік әлеуетін дамытуда біршама ілгерілеушілік байқалған. Мәселен, 2016 жылы көлік саласында физикалық көрсеткіш индексі 103,8% құрады. Сонымен қатар, Қазақстан логистика тимділігі бойынша халықаралық рейтингте 88 орыннан 77 орынға көтеріліп, ТМД бойынша ең үздік елге айналып отыр.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлер тасымалы 2 есеге артып, 104,5 мың контейнерді құрады. Ал биылғы 2017 жылы барлық контейнерлер тасымалының көлемі 330 мың контейнерге дейін жететіні болжанған. Оның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы контейнерлер 230 мың болады.

Айта кетерлігі, әуе бағытындағы ұшулар да биыл жаңғыратыны болжанады. «Транзиттік авиажолаушылар саны 2016 жылы 250 мыңнан 478 мыңға дейін жетті. 2017 жылы олардың саны 600 мыңға жетеді деп жоспарланады. Негізгі жолаушылар легін Азиядан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері бағытта қатынайтындар құрайды. Қазақстандық әуекомпаниялардың Еуропалық Одақ елдеріне ұшуына қойылған шектеу алынды. Енді ЭКСПО-2017 кезінде туристерге қызмет көрсету үшін Астана қаласына ұшатын әуе рейстердің санын арттыру мақсатында «ашық аспан» жобасын бастау көзделіп отыр», - дейді министр Жеңіс Қасымбек.

Түйіндей айтқанда, бүгінгідей жаһандық дағдарыс кезеңінде экономиканың өнімді салаларына қан жүгіртіп, сол салалардағы қозғалысты кеңінен қадағалау керек. Ал халықаралық көлік дәлізін жасау, ауқымды жобалар арқылы жұртшылықты жол салуға жұмылдыру секілді мәселелер елдің әлеуетін арттырып, экономиканың тұрақтандырушы рөлін атқаратыны да белгілі. Ең бастысы, жұмыстың сапасына мемлекеттік көңіл бөлінсе игі. Өйткені, соңғы жылдары бұған дейін қазақ даласында болмаған жаңа тұрпатты көлік инфрақұрылымы қызу қолға алынды. Ендеше, бұл жолдар сапасы жағынан қандай да сынды көтеріп, ғасырдан-ғасырға жалғасатын алып жоба ретінде әйгіленсе игі. 

Соңғы жаңалықтар