Көлігін ұрлатқан азаматтар оған салық төлеуден босатылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар көлігін ұрлатқан азаматтарды оған салық төлеуден босату мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, отырыста еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырған болатын. Осы ретте депутат Павел Казанцев автомобилін ұрлатқан азаматтардың  көлікті пайдаланбаса да салық төлейтіндігін айтып, аталған проблеманы шешу жолдары жаңа Кодексте көрсетілгендігін не көрсетілмегендігін сұраған болатын.

«Ойлап көріңіздерші, мұндай жағдайда салық төлеуші пайдаланбайтын автомобиль үшін салық төлемеуі керек қой. Қазіргі уақытта көлігі ұрланған жағдайда иесі алдымен полицияға, арыз жазып, одан кейін салықтан босау үмітімен салық қызметіне жүгініп жатады. Алайда салық органы оны салық төлеуден босата алмайды. Өйткені автомобильді тіркеуден шығару қажет. Ал көлік ұрланса да заңды түрде иесінің атында тұрғандықтан тіркеуден шығару мүмкін емес. Соңында тұйықталған шеңбер болып шығады. Іс жүзінде автомобильді жылдар бойы іздеуі мүмкін. Ал салықты төлеуге тура келеді», - деді депутат.

Осы мәселеге байланысты пікір білдірген ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ондай норманың кодексте бар екендігін айтты.

«Іс жүзінде мұндай норма бар. Соңғы 5 жылдың ішінде ұрланған 7751 автомобиль әлі табылған жоқ», - деді ол.

Аталған мәселеге Мәжіліс төрағасы Нұрлан Ныматулин де пікір білдіріп, көлік табылғанға дейін оның иесін салықтан босату жөн болатындығын баса айтты.

«Мәселен, полиция органдары көлік иесінің арызы негізінде автомобильдің ұрланғандығы туралы сәйкесінше анықтама берсе дұрыс болар еді. Ал салық органдары автомобиль іздеуде болған кезде көлік иесін салықтан босатуы қажет», - деді Мәжіліс спикері.

Соңғы жаңалықтар