«Көлеңкеде отырған» кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер берілуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдар өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды тіркеуге алудың тың жолдарын қарастырып жатыр. Соның бірі - салықтық жеңілдіктер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, бүгінде өзін-өзін жұмыспен қамтып жүргендер бір маңызды нәрсені түсініп алуы қажет. Тіркеуге тұрмаған адам әлеуметтік көмекті де ала алмайды. Оның арғы жағында тегін медициналық көмек, зейнетақы және тағы басқа мәселелер бар.

«Біріншіден, адам тиісті мемлекеттік органдардың тіркеуіне тұрмаса, барлық әлеуметтік төлемдерден құр қалады. Осыны түсініп алу қажет. Екіншіден, тіркеуге тұрамын дейтін кейбір азаматтар сан алуан кедергілерге тап болады. Біз оны жақсы түсінеміз. Анаған бір құжат, мынаған бір құжат апару керек дегендей. Сондықтан біз жеңілдетілген тіркеуді берейін деп жатырмыз. Бұдан бөлек, осы санаттағы азаматтардың табысы 12 минималды жалақыдан, биылғы жылмен санағанда, 400 мың теңгеден төмен болса, салық төлеймей-ақ қойсын, бірақ әлеуметтік салықтарын төлесін деген мәселені қарастырып жатырмыз. Бұның барлығы әзірше жоба, ертең оны тағы талқылаймыз», - деді Т.Дүйсенова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, өткен жылы министрлік жұмысшы ретінде ешбір жерде тіркелмеген азаматтарды анықтау шараларын өткізді. Сол кезде 18 млн xалықтың ішінде 5,7 млн адамның нақты әлеуметтік мәртебесі жоқ болып шықты. Осы уақытқа  2,5 млн адам құзіретті мемлекеттік органдарда тіркелді. Дегенмен, әлі де 3,2 млн адам бар. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 1 млн адам жалақыны конвертпен алып жүр. 

Соңғы жаңалықтар