Көктемгі егіске бөлінетін отын нарықтағыдан қаншаға арзан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Энергетика министрлігі Алматы облысына көктемгі егіс науқанына арналған отынды жеткізу мәселесін шеше алмай отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы диқандардың көктемгі дала жұмыстарына арналған дизель отынына деген қажеттілігі 370 мың тоннаны құрайды. Энергетика министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылғы ақпан-маусым айлары кезеңіне өңірлерге дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Энергетика министрлігі мұнай өңдеу зауыттарынан шығару бағасын литріне 130 теңгеден, тоннасына 156 мың теңгеден белгіледі. Бұл ретте операторлардың жеткізуін ескерсек, өңірлердегі орташа баға литріне 146 теңгені құрайды. Ол нарықтағы бағадан, (жанармай құю станцияларында литріне 165 теңгеден) 13 пайызға арзан», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде облыстардың операторлары ресурс ұстаушылармен шарт жасасу және наурыз айының көлемдеріне ақы төлеу рәсімін аяқтау үстінде. Өңірлерге дизель отынының 50 пайыздан астамы тиеп-жөнелтілді.

«Сонымен қатар, атап өткім келген жайт, облыстарды мұнай өңдеу зауытына бекітіп беру кестесіне қарамастан, ресурс ұстаушы «Petroprox» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Алматы облысының операторларына ақпан-наурыз айлары үшін 3,7 мың тонна дизель отынын жеткізу мәселесін Энергетика министрлігі шешкен жоқ. Аталған ресурс ұстаушы Энергетика министрлігі тарапынан биылғы жылы алғаш рет бекітіп беру кестесіне енгізілді және ақпан айы үшін 1,9 мың тонна дизель отынын жеткізу міндеттемесін орындамады деуге болады. Наурыз айы бойынша 1,8 мың тонна міндеттеменің де орындалмау қаупі бар.  Егер, ресурс ұстаушысы «Petroprox» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндеттемелерін орындамайтын болса, Энергетика министрлігінен жұмыс тәжірибесі бар адал ресурс ұстаушыларға бекітіп бере отырып, көрсетілген отын көлемін мамыр айына қайта бөлу мәселесін қарастыруды сұраймыз. Аталған мәселе Алматы облысының әкімдігімен келісілді», - деді Арман Евниев.

Соңғы жаңалықтар