Көктем мерекесін түрікмендер қалай тойлайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрікменстандықтар Халықаралық Наурыз күні мен Ұлттық көктем мерекесін тойлап жатыр. Олар мереке күндері ұлттық киімдерін киіп сәнденіп, көктемгі жаңару мен жасару мейрамына қатысты ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсетеді.

Наурызды түрікмендер Новруз дейді. Бұл мейрам туысқан түрікмен халқының да мәдениетімен, өмірімен, тарихи шежіресімен астасып жатыр. Жыл сайын жаңару мерекесіне орай Түрікменстанға әлемнің көптеген елдерінен келген қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, бірге тойлайды.

Мерекенің басты шаралары табиғаты тамаша тау баурайындағы «Nowruz ýaýlasy» алаңында өтеді. Онда ашық аспан астында түрікмендердің дәстүрлі тұрмысын өрнектейтін салтанатты экспозиция құрылады. Өйткені күн мен түн теңелген мейрам көктемгі егін салумен, тіршіліктің оянуымен тығыз байланысты.

Экспозицияны музыкалық-этнографиялық ұжымдар арнайы дайындап келген өнерлерімен сүйемелдейді. Ал қолданбалы өнер туындыларының көрмесінде қонақтар назарына халықтың ежелгі тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін, егін салу, жер жырту, қолөнер бұйымдарын жасау жұмыстарына арналған көріністер ұсынылады.

Әйелдер жағы Новруз әндерін шырқап, астық өңдеудің, диірменде ұн тарту түрлі кезеңдерін көрсетіп, алуан түрлі тәттілер, чурека, пишме, лағман сияқты небір дәмді тағамдар әзірлейді.

Мерекеде ат спортының «Галкыныш» тобының әртістері түрікменнің асыл тұқымды ақалтеке аттарына мініп, тамаша өнерлерімен жиналған жұртты тамсандырады.

Халық қолөнер туындыларының керемет үлгісі - түрікмен кілемдері. «Nowruz ýaýlasy» алаңындағы кілем көрмесіне келген адам түрікмендердің әрі сұлу, әрі тозбайтын кілемдерін тоқу үлкен машақат пен еңбекті, сабырды, сонымен қатар зерек ойды талап ететініне көз жеткізеді.

Соңғы жаңалықтар