Көкшетаулықтар бір апта автобустарда тегін жүреді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат -Көкшетау қаласының автобус парктері «Евро-5» жанармайымен жүретін «Волгабас Ситиритм» және «КАвЗ-4270» маркалы автобустарын қалаішілік маршруттарда сынақтан өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Шәрімованың айтуынша аталмыш автобустар қаладағы № 1, 3, 4, 5, 6, 8, 9, 10, 14, 16 және 25 бағыттарда бір апта бойы жолаушыларға қызмет көрсетеді.

«Осы аралықта жолаушылар тегін тасымалданатын болады. Бұл жоба қалалық әкімдіктің «Көкшетау қаласында жолаушылар көлігін жаңғырту» жобасы шеңберінде қолға алынып отыр. Аталмыш жоба бойынша қолданыстағы автобустардың 40-50 пайызын, яғни, тозығы жеткен көліктерді ауыстыру қарастырылған», - дейді серіктестік басшысы Ә.Шәрімова.

Айталық, жобаны қолға алмас бұрын қала әкімдігі қазіргі қолданыстағы автобустардың тұтынушылық пайдалану мерзімі жəне экономикалық мүмкіндіктерін саралап, қоғамдық тыңдаулар өткізген болатын.  Бүгіннен бастап Көкшетау қаласы бойынша «Евро-5» талабына сай үлкен жəне шағын автобустардың екінші легі жолаушыларды тасымалдауға кірісті. Жаңа көліктер бейнебақылау, кондиционер, сымсыз интернет желісі және жылыту жүйесімен жабдықталған.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көтергіш те бар.

Жалпы, сынақ мерзімі арқылы бұл автобустардың қалаға жарайтын-жарамайтыны анықталады. Содан кейін ғана диллерлер мен автобус шығарушылар қалалық әкімдіктің шешімімен қандай автобустардың қолданысқа қажет  екенін анықтайтын болады.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында «Лотос» маркалы алғашқы сынақ автобусымен Көкшетау қаласы әкімі Ермек Мыржықпаев, әкімдік қызметкерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары қала көшелерінің бойымен жүріп көрген болатын. Бұл жолы ресейдің «Волгабас» және «КАвЗ-4270» автобустарынан бөлек Қытайдың «Golden dragon XML6105CR» маркалы жолаушылар көлігі сынақтан өткізу қолға алынды. Бұл авотбустардың барлығы газбен жүреді. 

Соңғы жаңалықтар