Көкшетаудың алып зауыты оңтүстік тұрғындарын жұмысқа шақырды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың алып зауыты оңтүстік тұрғындарын жұмысқа шақырды. Полимерлі қаптама шығаратын компания басшылығы бүгін арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, оңтүстіктен 600-ден аса жұмысшы қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ағымдағы жылдың мамыр айында ОҚО әкімдігі тарапынан өңірдің халқы тығыз орналасқан аудан, қалаларынан Ақмола облысына қоныс аудару жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осы меморандум аясында "Новопэк" компаниясының басқарушы директоры Айдар Жақыпов оңтүстікке арнайы келіп, аудан-қалаларда кездесулер өткізуде.

Оның сөзінше серіктестік кеден одағының нормаларына сәйкес полипропилен қаптары мен жұмсақ контейнерлер шығаратын зауыттардың бірі саналады. 2003 жылы құрылғаннан бері Новопэк полимерлі орау шешімдерін әзірлеуге, өндіруге және жеткізуге маманданған. Қазіргі кезде ауданы шамамен 45 мың шаршы метрді құрайтын өндірістік кешенде 600 адам жұмыс істейді. Бүгінгі күні компания басшысы Көкшетау қаласындағы зауытта жұмыс істегісі келетін азаматтар болса, оларға барлық жағдайды жасаймыз деп сендірді. Оның сөзінше, қазір зауытта жұмыс күшінің жетпеуі салдарынан көптеген қондырғылар тоқтап тұр. Ал егер қосымша 600-ден астам жұмысшы келсе өнімділікті  екі есеге дейін арттырып, еуропа нарығына да шығуға мүмкіндік бар. Яғни қазір айына 6 млн данадай қап тігілсе, оның көлемі 11 млн-ға дейін артады.

«Зауытқа негізінен үш мамандық бойынша, машинистер, операторлар мен тігіншілер қажет. Келген жұмысшыларды алдымен арнайы курстарда оқытып, ол кезеңге 40 мың теңгеден стипендия береміз. Одан  кейін жұмысқа қабылданып, жатақханамен қамтылады. Жалақылары 80-150 мың теңгенің аралығында. Қазіргі таңда зауыттың жанынан тұрғын үй кешені салынуда. Ол жерге 300-дей жұмысшы қоныстанатын болады. Сондықтан біз жұмысшыларды отбасыларымен келсе де қабылдаймыз. Алдағы уақытта оларға қала аумағынан үй салуға жер бөлу мәселесі де қаралып жатыр», - деді Айдар Жақыпов.
null 

Төрт күндік сапар барысында зауыт басшылығы Түркістан қаласы мен Сайрам, Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездеседі деп күтілуде. 

Соңғы жаңалықтар