Көкшетаудағы MMA турнирінде болашақ чемпиондар анықталатынына үміттенемін- Анатолий Ким

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда өтетін MMA турнирінде болашақ чемпиондары анықталатына үміттенемін. Бұл туралы бүгін облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар орталығында MMA аралас жекпе-жек бойынша Қазақстанның ІІІ Кубогына арналған баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан MMA Федерациясының президенті Анатолий Ким атап өтті.

null
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 3-5 қараша күндері Көкшетауда MMA аралас жекпе-жек бойынша Қазақстанның ІІІ Кубогын ұйымдастыру көзделген. Аталған турнирге еліміздің әр өңірінен келетін 100-ге жуық спортшы қатысып, 7 салмақ бойынша күш сынасады.  
«Елімізде құрылғанына екі-үш жылдың жүзі ғана болған спорттың бұл түрі соңғы кездері танымалдылығын арттырып келеді. Көкшетауда өтетін жарыс соның бір айғағы іспеттес. Жыл сайын ұлттық құрама сапы жаңа спортшылармен толығуда. Оның ішінде кәсіпқойлар арасында еш жеңіліп көрмеген Әлем және Азия чемпионы Шавкат Рахмоновты ерекше атап өтуге болады. Оның жетістігі біз үшін үлкен мәртебе. Осы спорт түрімен айналысатын жастар үшін үлгі, өнеге. Көкше жерінде өтетін жарыста еліміздің болашақ чемпиондары мен ұлттық құрама сапына алынатын жаңа есімдер анықталатына үміттенемін», деді Анатолий Ким.
Сонымен қатар, Қазақстан MMA Федерациясының президенті ұлттық құраманың Әлем және Азия бойынша  үздіктер қатарында екенін айта келе, жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға және шымырлыққа үйрететін бұл спорт түріне шенеуніктер тарапынан қолдау қажеттігін атап өтті.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Ақмола облысы MMA Федерациясының президенті Ерлан Бөтембаев, ҚР Еңбек сіңген жаттықтырушысы, MMA бойынша ҚР ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Баян Жанғалов және MMA бойынша Әлем және Азия чемпионы Шавкат Рахмонов бұл жолғы турнир туралы өздерінің пікірлерін білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Еске сала кетейік,  3-5 қараша күндері Көкшетаудағы теннис орталығында  MMA аралас жекпе-жек бойынша Қазақстанның ІІІ Кубогы өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен келетін 100-ге жуық спортшы қатысып, 7 салмақ бойынша күш сынасады.  Жарыс шоу түрінде өтпек.  

Соңғы жаңалықтар