Көкшетаудағы ет комбинатының өнімдеріне Астанада сұраныс жоғары

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы ет комбинатының өнімдеріне Астанада сұраныс жоғары. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне аталған «Бижан» ет өңдеу кешені» ЖШС-ның директоры Шакихан Антаев мәлім етті.

Еске сала кетейік, осыдан 5 жыл бұрын Көкшетау қаласында қасапханасы бар жаңа ет өңдеу кәсіпорыны салынып, іске қосылған болатын. Алматыдағы «Бижан» ет өңдеу зауыты» ЖШС-ның филиалы болып саналатын кәсіпорын тәулігіне 70 тонна ірі қара мал союға арналған немістің замануи озық технологиясымен жабдықталған.

2013 жылы шұжық, жартылай шикізат, консерві жасайтын және тоңазытқыш жасайтын цехтардың құрылысы қолға алынды. Қазіргі кезде, тәулігіне 5 мың тонна шұжық пен 20 мың тонна консервіде бұқтырылған ет шығаратын цех жұмыс істейді.

«Бижан» ет өңдеу зауыты» ЖШС-ның жұмыс істеп жатқанына 18 жыл болса да, біз қазір ғана Солтүстік Қазақстан облысының нарығына шығып отырмыз. Үстіміздегі жылдың басында Астанадағы көтерме сауда жасаушылармен келісімшарт жасастық. Осы арқылы наурыз айынан бастап «халал» өнімдерін елордағы жөнелтудеміз. Ол жақта сұраныс жоғары. Оған қоса, Алматы мен Ресейдің Омбы облыстарына да саудаға шығарамыз», дейді кәсіпорын директоры Шакихан Антаев.

Осы күні «Бижан» өнімдерін Көкшетаудағы сауда орындарынан да жиі кездестіруге болады. Мұнда негізінен фирмалық дүкендерде сатылады.  Ет өнімінің 9 түрі шығарылады, алдағы уақытта оның санын арттыру көзделген.

«Шикізатты Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан сатып аламыз.  Оның өзі мал бордақылау алаңдарында арнайы семіртілген малдар. Жеке қорлардағы малды алмаймыз, өйткені оның сапасы төмен», деді Ш.Антаев.

Соңғы жаңалықтар