Көкшетауда Сейфуллинге арналған мемориалдық тақта ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің 100 жылдығына орай Сəкен Сейфуллинге арналған мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шара Абылайхан ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Бұған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Алаш» сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымның депутаты, журналист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алдан Смайыл, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, профессор Амангелді Смайылов, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Арын қатысты.
null 

Бұдан кейін қазіргі «Арқа ажары» газеті редакциясы ғимаратының сыртына осы газеттің негізін қалаған қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сəкен Сейфуллиннің құрметіне  мемориалдық тақта ашылды.

Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова Сәкен Сейфуллиннің қайраткерлігіне тоқтала келе, оны атсалысуымен ашылған «Тіршілік» газетінің ізін жалғап келе жатқан жүз жылдық тарихы бар бүгінгі «Арқа ажарының» редакциясы ұжымының ел игілігі жолындағы шараларды тиімді насихаттап, қалың бұқараның көкейіндегі мәселелерді көтеру арқылы ел мүдесіне қалтқысыз қызметі етіп келе жатқанын ерекше атап өтті.
null 

Еске сала кетейік, «Арқа ажары» газеті Сәкен Сейфуллиннің негізін қалауымен Ақмола қаласында (қазіргі Астана) 1917 жылдың шілде айынан бастап, «Тіршілік» атауымен шығарыла бастады. 1928 жылғы 17 қаңтарда Ақмола губерниясының орнына Ақмола округі құрылып, 21 қыркүйекте округтік «Жаңа Арқа»  газет жарық көріп тұрды. 1932 жылғы 2 желтоқсанда «Жаңа Арқа» газеті  «Колхоз екпіндісі» болып өзгертіліп, Ақмола аудандық газеті мәртебесімен басылды.

1939 жылғы 14 қазанда  Ақмола өз алдына облыс болып құрылды. «Колхоз екпіндісі»  облыстық газет мәртебесіне ие болып, 1939 жылғы 29 қарашада Ақмола облыстық «Сталин туы» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

1957 жылдан «Сталин туы» газеті «Есіл правдасы» деген жаңа атаумен жалғасты. 1961 жылы 17 қаңтарда КПСС Орталық Комитетінің кезекті Пленумының қаулысымен Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыстың негізінде Тың өлкесі  ұйымдастырылды. Сол тұста осы бес облыстағы қазақ тіліндегі газеттердің барлығы жабылды. Тек 1961 жылдың қаңтар айының соңына таман «Есіл правдасы» газетінің негізінде «Тың өлкесі» басылымы жарық көре бастады.
null 

1965 жылы  Тың өлкесі таратылып, сол жылдың қараша айында «Тың өлкесінің» соңғы сандары жарық көрді де, Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» газеті шығарылды. 1978 жылы «Коммунизм нұры» Кеңес Одағының Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Ел тәуелсіздігінің салтанат құруына байланысты «Коммунизм нұры» газеті    1991 жылдың 26 қаңтарынан бастап «Арқа ажары» деген жаңа атауға ие болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығымен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістерге байланысты Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына көшіріліп,  «Арқа ажары» газеті 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап Көкшетау қаласында басылып шыға бастады.

«Арқа ажары» газеті өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуын терең ашып көрсеткені үшін 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің грантына ие болды. Осы күні Жабал Ерғалиев басқаратын «Арқа ажары» газетінің редакциясы жаңа белестерді бағындыруда.
null null 

Соңғы жаңалықтар